Халықаралық шаралар, құрылыс, 50 грант: Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойлары қалай аталып өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау болып табылады, бұл орайда, мерейтойлық іс-шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті.

Отырыста сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Аймағамбетов, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы баяндады.

Абай шығармалары шетелдердің іргелі тілдеріне және түркі халықтарының тілдеріне аударылып, жарыққа шығарылады. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсіріледі. ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдарының Гала-концерті және танымал абайтанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мерейтойға арналған халықаралық конференция елордада өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау бойынша театрландырылған қойылымдар, музейлік экспонаттар, кітап көрмелерін, шығармашылық конкурстар мен фестивальдер, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарлап отыр. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры Түркия, Ресей және Қытайда «Абай» операсы қойылымын сахналайды.

Еліміздің барлық мектептерінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан конкурстар өтеді. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқушылар арасындағы жалпыреспубликалық олимпиаданың жеңімпаздары мен лауреаттарына Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалатын болады. Олар елордада өтетін «Абай Балы» салтанатынан қатысады. Мұғалімдер мен оқытушылар арасында Абай шығармашылығын оқытудың үздік әдістемесі бойынша да конкурстар өтеді. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында «Абай оқулары», конференциялар мен симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, конкурстар мен олимпиадалар өткізіледі. Ғылыми жұмыстарды жүйелеу үшін ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» құрылады, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемі ұлғайтылады.

Масс-медиада және интернет желісінде кең түрде тарату арқылы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше телевизиялық және радиобағдарламалардың және басқа да медиа өнімдердің шығарылымы жоспарлануда. Еліміздің шығармашылық одақтарының жұмысында Абай және оның мұрасы ерекше орын табуы тиіс. «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәрістер топтамасы әзірленіп, «Абай әлемі» порталы жаңғыртылады.

Мерейтой барысында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, Абайдың музей үйі, Құнанбай қажы әулетінің қорымы жөндеуден өткізілмек. Облыс әкімдігі Абай ауданындағы бірнеше жол учаскелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемкомиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру.

Үкімет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасын Мемлекеттік комиссияның қарауына 2019 жылдың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.

Бүгін Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады, – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы отырыстың ашылуында.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой аясында жоспарланған жобалары туралы баяндады.

Мерейтой шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарлануда. «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиумге дайындық басталды. Ұлы ұстаздың еңбектері аударылып, жарыққа шығарылады, деректі фильмдер мен телерадио бағдарламалар түсіріледі. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған конференциялар, симпозиумдер және басқа да көптеген білім, мәдени акциялар өтеді.









Соңғы жаңалықтар