Халықтан мемлекеттік қызметтің қандай түрлеріне қатысты шағым көп түсіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Елдар Үйсімбаев жер қатынастары, әлеуметтік сала, тұрғын үй шаруашылығы саласында қызмет көрсететін мемлекеттік қызметшілердің жұмысына шағым көбірек түсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда ең жиі сұралатын мемлекеттік қызметтердің бірінші легінде дәрігерге жазылу қызметі тұр. Бірақ бұл санатта кемшілік баршылық. Мемлекеттік тіркеуге мінжетті емес жылжымалы мүлікті тіркеу мәселесінде де техникалық ақау жиі кездеседі. Осы ретте халықтың орынды сынын ескеріп, тиісті шешім қабылдау үшін агенттік мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйелерін апробациядан өткізуді ұсынып жатыр», - деді Елдар Үйсімбаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша мемлекеттік қызметті ала алмаған азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне баса назар аударылып жатыр.

«2020 жылы агенттік пен оның аймақтардағы бөлімдеріне 1442 шағым келіп түсті. Көп жағдайда жер қатынастары, әлеуметтік сала, тұрғын үй шаруашылығы саласында қызмет көрсететін мемлекеттік қызметшілердің жұмысына шағым көбірек түседі», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін БҰҰ рейтингінде 2020 жылы Қазақстанда электронды үкімет деңгейі 10 позицияға жақсарғаны хабарланған болатын. Аталмыш рейтингте Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 29-шы орында тұр.



Соңғы жаңалықтар