Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе – Жасқайрат Сүндетұлы, профессор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Білікті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Жасқайрат Сүндетұлы Қазақпарат тілшісіне арнайы сұхбат беріп, аграрлық саланың көкейкесті мәселелері, бүгіні мен келешегі туралы айтып берді.

Жасқайрат Сүндетұлы, сіз зерттеп келе жатқан сала – ауыл шаруашылығын экономикалық тұрғыда дамыту. Аталған саланың бүгінгі жай-күйі қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Ауыл шаруашылығы – маңызды сала. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қашанда өз мәнін жоймайтын мәселе екені анық. Бүгінгі таңда дамыған елдердің қай-қайсысы да азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беруде. Аграрлық сала қарқынды дамыса, оның ырысы да мол болмақ, беретін пайдасы да өте көп. Ауыл шаруашылығы өркендесе, елдің экономикасы өседі. Ал экономикалық жағдайымыз көтерілсе, халықтың табысы артады, еңбеккерлердің жалақысы көбейеді, өндіріс көлемі де ұлғаяды.

Ауыл шаруашылығын дамытуға елімізде бірнеше қадам жасалуда. 2026 жылға дейінгі кезеңді қамтитын ұлттық жоба қолға алынды. Онда ауыл шаруашылығының қандай саласына баса мән берілетіні және негізгі бағыттары айқындалған.

2019 жылмен салыстырғанда, өткен жылы өнім көлемі 5-6 пайызға көтерілді. Бірақ ауыл шаруашылығының үлесі еліміздегі өзге өндіріс саласының өнімімен салыстырғанда 4-5 пайыздан аспай отыр. Көп жылдан бері осылай болып тұр. Яғни, аграрлық сала талапқа сай дами алмай отыр. Енді қаржы бөлуде де өзгерістер болады. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы бұрынғыдай жалпы салаға ортақ бөлінбейді. Енді қаржы шығыстары әрбір жоба бойынша бағытталады. Ұлттық жоба негізінде бағытталған салаларға нақты жоспарлар бойынша ақша бөлінеді. Бұл қаражатты тиімді жұмсау үшін жасалып отыр. Есеп берген кезде де ақшаның қалай жұмсалғаны көрініп тұрады. Өте дұрыс шешім деп ойлаймын.

Ауыл шаруашылығы саласының әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан мәселелері бар. Қазақстан аграрлық салаға бейімделген ел саналады. Дегенмен ауыл шаруашылығы ресурстарын дұрыс пайдалануды жолға қоя алмай келеміз. Біріншіден, жерді тиімді игеру. Жер – ауыл шаруашылығының негізі. Бізде егістік жерлер бар, суармалы және жайылымдық жерлер бар. Жерді дұрыс пайдалана білсек, елдің әлеуеті де арта түседі, халықтың да жағдайы жақсарады. Соңғы бір-екі жыл ішінде жер мәселесі өзекті бола түсті. Қоғамда үлкен пікірталастар туындады. Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізілді және заң ретінде қабылданды. Соған орай ҚР Жер кодексінің 24-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды» деген норма енгізілді. Бұл, әрине, орынды шешім. Халықтың жиі көтерген мәселесі еді.

Бұрын Жер кодексі бойынша өз азаматтарымыз жерді жалға алуына немесе сатып алу мүмкіндігі болған еді. Енді жалға алу шарты нақтыланып отыр. Жуырда Парламент Мәжілісінде қаралды. Әлі де пысықталу үстінде. Ал енді ауыл шаруашылығы жерлерін өз азаматтарымызға да сату тоқтатылды. 2026 жылға дейін мораторий жарияланды. Оған дейін заңдарға бірқатар өзгерістер енгізілетіні анық. Бұл да дұрыс шешім деп ойлаймыз. Мысалы, бір кәсіпкер өз өндірісін дұрыс жүргізе алмай отырған кезде жер учаскесін сатып аламын деп қаншама қаражатын жұмсайды, ал кейін оны игере алмағандықтан, одан айырылып қалып, әуре-сарсаңға түсуі мүмкін. Тиімсіз пайдаланушы ретінде кінәлі саналуы ықтимал. Енді жер Қазақстанның жеке азаматтарына да сатылмайды. Өз халқына жерді сату да әбестік сияқты. Ең дұрысы, 49 жылға дейін жалға алып, жұмысын жүргізе білгені жөн. 49 жылдан кейін де ұрпағы жалға алу мерзімін ұзарта алады. Бұл жерде ешқандай қорқыныш жоқ.

Мал шаруашылығында қандай өзекті мәселелер бар?

– Соңғы жылдары төрт түлік малдың саны артып келеді. Мал басы өскен соң, жем-шөп те көбірек қажет болады. Осы тұста ауылдық жерлерде жайылымдық жер мәселесі де ойландырып тұр. Ауыл тұрғындары малдарын көбейткенмен, оны бағатын жер жоқ. Бұрынғы жайылым пайдадан шығып қалуда. Малдың тұяғы жерді аздырмай қоймайды. Ал соңғы жылдардағы құрғақшылыққа байланысты жағдай тіптен қиындап кетті. Биыл баспасөзде жайылымдағы шөптің жетіспеуінен малдың қырылып өліп жатқаны туралы көп айтылды, бейнежазбалар да тарады. Айталық, Маңғыстау облысында жылқылар қырылды. Арал өңірінде де малдың әбден арықтап, аштан өліп жатқаны белгілі болды. Мұндай жағдай біздің елде көптен бері мүлдем болмаған еді. Біз «киіктерді қорғау керек» деп жүрген болсақ, ал шын мәнінде үй жануарлары өліп жатқаны өкінішті-ақ. Бұған Үкіметтік деңгейде мән берілуі керек деп есептеймін. Ендігі жерде малды азық-түлікпен қамтудың тиімді және нақты жолдарын анықтағанымыз орынды болар еді. Мысалы, аналық малдар ауыл төңірегінде арнайы бағылғаны жөн. Ал басқаларын, тумайтын еркек малдарды алыс жайылымдық жерлерге көшірген дұрыс. Қазақ баяғыда-ақ алыс жайлауларға көшетіні тектен тек емес қой. Алыстағы жайлауда малға қажетті қора салып беру керек. Ал малшының лайықты тұрғын үйі болуы тиіс. Сумен, электр жарығымен қамтамасыз ету керек. Бүгінде күннен, желден қуат алатын қондырғылар бар ғой. Соны орнатып, электр энергиясын алуға болады. Мұны Үкімет пен кәсіпкерлік сала бірлесе отырып шешуі тиіс. Яғни, малшының үйі де, мал қамайтын қорасы да заманауи болғаны абзал.

Келесі мәселе – ауыл шаруашылығы кооперативтері. Оны реттейтін бірнеше заң қабылданды. Оң өзгерістер болып, ауылдық жерлерде кооперативтер көбейіп жатыр еді. Кейін осы үрдіс бәсеңдеп қалды. Негізі кооперативтер өте қажет. Әсіресе, малды бордақылауда, сатуда, союға дайындауда көп азаматтар кооперативке бірлесіп істесе, мал өнімін өңдеп сату ісі жолға қойылар еді. Біздегі басты проблема жиналған немесе алынған өнімдердің 80 пайызы өңделмейді. Яғни, әрбір өнім жайылымнан дастарханға жеткенге дейін сапалы өңделуі керек. Әлемнің дамыған елдері осындай қағида ұстанады. Қайта өңдеу саласы шағын кәсіпорындарды, әсіресе, үй шаруасындағы адамдарды жұмысқа тартуға көп мүмкіндік береді.

Мысалы, малдан алған өнімді ет және сүт түрінде сатып жүрміз. Ал оларды сауда орындарына, дүкендерге тікелей түсетін дайын өнім жасап, сатқан болсақ, елдің экономикасын дамытуға ықпалы тиер еді. Осыған дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Қайта өңдеумен айналысатын көсіпорындар жетіспейді. Мысалы, Қазақстан бидайдан мол өнім алады. Ал Өзбекстан, Қырғыз Республикасы бізден бидайды сатып алып, өздерінде өңдеп, дайын тауарларды шетелге шығарып отыр.

Қайта өңдеп, сапалы азық-түлік өнімін шығарсақ, өз елімізді қамтумен қатар экспорт көлемі артады. Экспорт көлемі ұлғайса, одан түсетін табыс еселенеді. Содан келіп, экономика да, ауыл шаруашылығы да өркендейді. Осы мәселені ретке келтірсек, ұтарымыз көп. Өнімнің сапасы артады және халықты жұмыспен қамтуға да оң ықпал ететіні сөзсіз.

Сізді тағы қандай ойлар мазалап жүр?

– Келесі мәселе – шекарадағы ауылдар. Мысалы, Қытай жағының шекараға жақын үлкен қалалар, ықшамаудандар салып жатқаны айтылып жүр. Ал біздің шекарадағы тұрғындар қолайлы жағдай болмағандықтан, көшіп жатқаны бәрімізді де ойландыруы керек. Шекарадағы тұрғындардың тұрақталуы үшін жағдай жасалуы тиіс. Шекаралық елді мекендерге арнайы мәртебе берілуі қажет сияқты. Сонда тұрғындарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылады. Өйткені шекараны тек сарбаздар күзетеді деп қарап отырмауымыз керек.

Жастарды тұрақтандырудың жолын табу қажет. Шекарадағы ауылдарды таза ауыз сумен, газбен, сапалы жолмен қамту мәселесі толық шешілгені жөн. Тұрғындарға жайлы үй салынуы керек. Сондай алыс ауылдар маңында жайылымдық жерлер де көп. Мал бағатын пункттер ашу керек шығар.

Соңғы уақытта ауа райының өзгеріп, жердің жылынып бара жатқаны туралы әлем ғалымдары дабыл қағуда. Осы орайда, ішкі көші-қонды реттеу арқылы біраз істі тындыруға болмас па екен?

– Ия, апат аймағы Аралда, сол сияқты жем-шөп өте тапшы Маңғыстау өңірінде қолайсыз жағдайда өмір сүргеннен гөрі азаматтарымыз жері шұрайлы, тұрғындары жайлы солтүстік өңірге қоныс аударса, ол да бір оң бастама болар еді. Қазір Үкіметтің қолға алуымен оңтүстіктегі адамдар солтүстікке көшіп жатыр. Алайда, көш қарқыны баяу. Мысалы, солтүстікте жер өте құнарлы. Баққан малың тез семіреді. Әрі төлі де жылдам көбейеді. Бір-екі жылда бір малың бесеу болады. Адамның өмір сүруі үшін ауа райы да жақсы. Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында шетелге көшіп кетіп жатқандар аз емес. Көп ауылдар босап қалуда. Айталық, 300 балаға арналған мектептерде 40-50 оқушы қалған. Бала жетіспегендіктен, мектептер жабылып жатыр. Ал білім ұясы жабылса, барша тұрғын үдере көшіп кететіні сөзсіз. Үкімет қаулысына сәйкес көшіп барған кейбір мамандарға дұрыс жағдай жасалмай, кері кетіп жатқандары да кездеседі. Арнап салған үйлерінің сапасы төмен болып шығуда, сумен, газбен қамтылмаған. Арқаның арқыраған аязында көшіп барғандар тоңып отырмауы керек қой. Бұл мәселені кешенді түрде қарап, айтылған сындар ескеріліп, оң нәтиже шығарылуы керек. Экологиялық апатқа ұшыраған ауыл тұрғындарын солтүстікке не орталыққа көшірген жөн. Бәрі де қазақтың жері, атамекенім деп ұғынуы керек. Бұған мемлекеттік деңгейде мән берілуі тиіс.

Сонымен қатар ескеретін бір жайт бар. Халқымыз «Елге ел қосылса – құт» деген. Жергілікті тұрғындар ұлтқа, жікке, жерге бөлінбей, көшіп барған адамдарды жылы шыраймен қарсы алғаны жөн. Оларға оң қабақ танытуы керек. Кейін уақыт өте келе, өзара достасып, құдаласып, ағайын-туыстарша араласып кететін болады.

Сондай-ақ соңғы жылдары шетелден көшіп келетін қандастарымыздың да саны азайып барады. Бастапқы кезеңде жылына 15 мыңдай адам келетін болса, қазір бір-екі мыңнан аспайды. Шетелдегі қазақтарды атажұртына қайтару – маңызды мәселе. Оларға арналып шағын аудандар салынғаны жөн. Жалпы, ауылдар мен ауыл шаруашылығын дамытуды ойлағанда осы мәселені де бірге қарастыру керек.

Ғалымның қысқаша өмірбаяны:

Жасқайрат Сүндетұлы 1941 жылы 20 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Қоңырқұдық ауылында дүниеге келді.

1963 жылы Целиоград ауыл шаруашылығы иститутының (қазіргі С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) алғашқы түлектерінің бірі болды. Мамандығы – ғалым агроном.

Жалпы еңбек өтілімі – 54 жыл, оның 40 жылы – аталған білім ордасындағы ұстаздық қызмет. Экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы және орынбасары, институттың партия комитетінің хатшысы болды. Кейін Қазақ АӨК экономикасы және ауыл аумақтарын орналастыру ҒЗИ Тың филиалының директоры қызметін атқарды.

200-ден астам ғылыми мақала, оның ішінде 12 монография, 17 оқу құралының авторы. 2010 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік грантының иегері, «ЖОО үздік оқытушысы». Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.


Соңғы жаңалықтар