Хатшылықтан тергеушіге айналу үшін үнемі ізденіс үстінде болдым – полиция майоры Ольга Омарова

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ембі полиция бөлімінің аға тергеушісі Ольга Омарова ширек ғасырдан астам уақыттан бері құқық қорғау саласында еңбек етіп жүр. Ол өз қызметін қарапайым хатшылықтан бастады. Қазір полиция майоры, білікті тергеуші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңжасар мен Надежда Омаровтар бес қыз тәрбиеледі. Ольга Омарова бір отбасының тұңғышы. Ол Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Орқаш ауылына қарасты Қаралатсай фермасында өмірге келген. Әкесі механизатор, анасы кітапханашы болды.

«Бір отбасының үлкені болған соң бізге артылған жауапкершілік те жоғары болады. Әкем мен анам жұмысқа кеткенде үй шаруасы, мал бағу, құсқа жем беру, бау-бақша мен бауырларымның тірлігі маған жүктелді. Содан болар, мен көпшілмін, бауырмалмын. Әрқайсысына қамқор болып, ата-анамның сенімі мен үмітін ақтауға бар күшімді салдым. Мектеп бітіріп, әрі қарай не болады деп ойланып жүрген шақ еді. 1995 жылы ел ішінде дағдарыс белең алып, қиын кезді бастан өткердік. Сондай бір күнде әкемнің досы маған аудандық полиция бөлімінде хатшы болып жұмыс істеуді ұсынды. Ол жерде бос орын болып, мен келістім», - деп еске алады Ольга Омарова.

Ол Ембі қаласындағы полиция бөліміне жұмысқа орналасты. Полиция, анықтаушы, тергеуші қызметіне осы кезден бастап қызығып, өмірін жаңа мамандықпен тоғыстырды.

«Ауылдан қалаға келіп, жаңа қызметке кірістім. Мен үшін арнайы форма келген, бір істі алып, қылмысты ашуға жан-жақты кіріскен адамдары қызық көрінді. Сөйтіп өз жұмысыммен қатар тергеушілердің іс-әрекетін бақылауға ден қойдым. Күдіктіні әкелген кезде оларға сұрақ қою, жауап алу сәтін көрдім. Кейде оқиға орнына еріп барамын. Міне, бұл менің мамандық таңдауыма тіркелей әсер етті. Алдымен педагог, кейін заңгер мамандығын игеріп, Мұғалжар ауданының Ембі қалалық полиция бөлімшесінің тергеушісі қызметіне кірістім», - деді ол.

Қазір аға тергеушінің қоржынында кез келген санаттағы іс бар. Ол ауыр және онша ауыр емес істерді, кісі өлтіру фактісін тергеп, ашты. Бір қуантарлығы, Ольга Омарова барлық қылмыстық істі қазақ тілінде жүргізеді. Жұмыс кестесі туралы сұрағанымызда үйіне өте кеш баратынын, бірақ таңдауына өкінбейтінін айтты. Ал қызмет кураторы, Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов оның жұмысына тәнті.

«Облыстың шалғай ауданында жүрсе де ол әрдайым алдыңғы қатарда, кез келген адамға көмек көрсетеді», - деді Самат Аисов.

Бір ерекшілігі, Ольга Омарова көшет отырғызып, күтім жасағанды ұнатады. Бала кезінде үйренгенін естен шығармай, 2010 жылдың көктемінде аудандық полиция бөлімінің ауласына өз қолымен қарағай отырғызды.

«Тағдыр әрқилы болады. Бір күні жол апатына ұшырап, ауруханаға түстім. Сол кезде мен секілді жол-көлік апатына тап болған жігітпен таныстым. Содан кейін Жұмағали Рахманов екеуміздің жұбымыз жазылған емес. Жұмағали вахталық әдіспен жұмыс істейді, Сондай-ақ ол мінсіз күйеу, қамқор және менің қызметіме түсіністікпен қарайды. 8-наурызда әрқашан бізді таң қалдыруға тырысады, тамақ дайындайды, фортепианода ойнайды немесе ән айтады. Ол өзін-өзі дамытып жүреді. Өте талантты. Менің өмір жолымда осындай адамның кездескеніне қуаныштымын. Оның қолдауының арқасында мен өзімді сүйікті жұмысыма және адамдарға қызмет етуге арнай аламын», - деді Ольга Омарова.


Соңғы жаңалықтар