ХҚКО-ларды жергілікті атқарушы органдарға беру оның қызметіне оң әсер етеді -С.Әбіш

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдарға беру оның қызметіне оң әсер етеді.

 Бұл пікірді бүгін елордада аталған орталықтарды жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесі бойынша өткен семинар кеңесте Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Самат Әбіш білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде мұндай орталықтардың саны 316-ға, ал онда халыққа көрсетілетін  мемлекеттік қызметтердің түрі 57-ге жеткен. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдарға беру барысындағы негізгі мақсаттардың бірі - ХҚКО-ларды ұстап тұру үшін 2010-2012 жылдарға  бөлінген қаржыны бөлу және осы орталықтардың қызметін ұйымдарушы жергілікті атқарушы органдардың құзіретін толықтыру.

«Менің ойымша, осымен біздің жұмыс аяқталған жоқ. Министрлік әдістемелік көмек көрсету шеңберінде әділет органдарының мемлекеттік қызметтерін көрсетуде сіздермен бірлесіп әрекет етіп, халыққа қызмет көрсету орталықтарын дамытуға белсенді атсалысатын болады», деді С.Әбіш.

Қазіргі уақытта ХҚКО-ларды ұстап тұруға мақсатты трансферттер түрінде республикалық бюджеттен қаржыны жергілікті бюджетке қайтадан бөлуді қарастырған «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы»   Заң қабылданды. Сонымен қатар ХҚКО-лардың қызметтерін ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзіретін қарастыратын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгертулер қарастырылды.

Айта кетейік, бұл орталықтарды құру идеясын 2005 жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтқан болатын. Осыған орай сол жылы Әділет министрлігі Астана мен Алматы қалаларында 4 ХҚКО-ны тәжірибе ретінде құрды. Тәжірибе өзінің тиімділігін және халыққа қажеттілігін көрсетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар