Хоккей: Қазақстан құрамасы Польшадан жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға үшінші іріктеу кезеңіне шыға алмады. Олар бүгін Польша құрамасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі құрама да алғашқы екі кездесуде жеңіске жетті. Қазақстандық хоккейшілер Украинадан 8:1 , Нидерландыдан 7:1 есебімен басым түсті. Ал Польша Нилерландыны 8:0, Украинаны 6:1 есебімен тізе бүктірді. Сондықтан бүгінгі ойында жеңіске жеткен құрама жарыстың келесі сатысына жолдама алатын еді.

Польша ойын басынан ширақ қимылымен көзге түсті. Есепті 7-минутта поляк хоккейшісі Бартош Шура ашты. Екінші кезеңнің 30-минутында Мартин Прзыгодски есепті үстемелей түсті.

Бұдан кейін қазақстандық хоккейшілер Дастин Бойд арада 17 секунд өткенде есеп айырмасын қысқартса, 35-минутта Найджел Доус таразы басын теңестірді. Шешуші голды 59-минутта поляк құрамасынан Мацей Урбанович соғып кетті. Осылайша Польша құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Енді олар жарыстың келесі сатысында 27-30 тамыз аралығында Словакия, Норвегия және Латвиямен шеберлік байқасады.

Аталмыш топта бүгін Украина Нидерландыдан 3:0 есебімен басым түсті.

Польша шайбалы хоккей федерациясы 1926 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін поляк хоккейшілері қысқы Олимпиада ойындарында 13 мәрте бақ сынаған. Бұл жөнінен ең жоғары жетістігі ретінде 1932 жылғы дүбірлі додада төртінші орын алғандығын айта кеткеніміз артық болмас. Сондай-ақ, олар 1931 жылы Польшаның Крыница-Здруй қаласында өткен әлем чемпионатында алғашқы төртікке табан тіреді. Ал 1929 жылы Еуропа чемпионатында финалда Чехословакиядан 1:2 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Соңғы жаңалықтар