Иісшіл ит қалай таңдалып, қызметке үйретіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әуежайда адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кинолог мамандар мен үйретілген иттердің рөлі зор. Олар күнделікті тексерістен тыс, қауіпті, жарылғыш зат немесе қараусыз қалған белгісіз зат туралы хабар келіп түскенде дереу іске кіріседі. Кинологтар қандай жағдайда жұмыс істейді және иттерді қалай үйрететіні туралы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының инспектор-кинологы Азамат Базарбаев ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Елорда әуежайының кинология қызметінің инспекторы Азамат Базарбаев кәсіби кинолог. Оның қызмет бабымен елордаға ауысқанына 3 ай өтіпті. Аталған уақыттың ішінде кинолог Темір есімді үйретілген итпен достасып, бірге жұмыс істеп келеді.

«Бұл менің әріптесім – Темір (Тимка), бельгиялық овчарка тұқымына жатады. Маған Темірмен жұмысқа кіріспес бұрын оның психологиялық мінезін анықтадым. Ол сангвиниг. Яғни үнемі қимылда. Бізге ортақ тілтабысу қиынға соқпады, 1 апталық тағылымдаман соң жұмысқа кірісіп кеттім. Мен мамандығым бойынша қаржыгермін. Бірақ мамандығым бойынша қызмет етуге аяғым тартпады. Ойлана келе кинология саласын таңдадым. Бұл қызметтің қызығы мен шыжығы көп. Біздің жұмысымыз таңғы 7-де басталады. Алдымен медициналық тексерістен өтеміз, содан соң иттің жағдайы қаралады. Бәрі дұрыс болса жұмысқа кірісеміз», - деді Азамат Базарбаев.

Елорда әуежайындағы иісшіл иттердің негізгі міндеті қауіпті әрі жарылғыш заттарды анықтап, табу. Сонымен қатар қараусыз қалған белгісіз заттарды да тауып жатады екен.

«Қызметке кез-келген ит алынбайды. Иісшіл ит күшік күнінен таңдалады. Басты талап күшік ойынпаз және ізпемдаз болу керек. Одан басқа қасиеттерге үйрету кинологтың міндеті. Бір итті толықтай дайындап шығуға 1 жыл уақыт кетеді. Және иісшіл итті бір рет үйретсең жетіп жатыр деуге болмайды. Күнделікті жаттығуды талап етеді. Иісшіл иттің күтімі мен тамақтандыру бөлек тақырып. Соңғы уақытта біздің елімізде кинология саласы жақсы дамып келеді», - дейді кинолог.

Оның айтуынша, күніне оннан астам түрлі хабарлама келіп түседі. Оның ішінде шұғыл хабарламада шығып тұрады.

«Ит жақсы немесе жаман деп бөлінбейді. Барлығы оның иесі мен үйретуге байланысты. Оның үстіне иісшіл итті күшік күнінен бұйрық пен нұсқаумен жұмыс істеуге үйретіледі. Негізі итті психолог деуге болады. Себебі аталған үй жануары қарым-қатынаста әрбір іс әрекетке аса мән береді. Адаммен де солай. Бізде әр маманның өзіне тиесілі қызметтік ит бар. Біз үйретілген итпен жұмыс істеп қана қоймаймыз, толықтай жауаптымын. Яғни біз итті тамақтандырамыз, серуендетеміз және жалпы жағдайын қадағалаймыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, кинолог жұмыс барысындағы қызықты сәтімен бөлісті.

«Әуежай автотұрағын тексеру кезінде Темір аяқ астынан белгісіз иісті сезіп іздей бастады. Автотұрақ үлкен тиісінше көлік те көп. Ақырында күдік тудырған автокөлікті тауып, мені бағыттады. Басында қауіпті мүмкін зиянды зат екен деп ойладым. Біздің жұмыстағы маңызды ереженің бірі табылған белгісіз затты бірден ұстауға болмайды. Себебі ол қауіпті болуы мүмкін. Темірдің көліктен тапқан затты да мұқият қарап, бірден қолға алған жоқпыз. Сөйтсек, пряник болып шықты», - дейді маман.

Кинологтың сөзіне сенсек, үйретілген ит орташа есеппен 6 жыл қызмет етеді. Және бүгінде елорда әуежайында 4 кинолог маман жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар