Иісшіл ит сөмкесіне есірткі салып алған тұрғынды ұстады

None
None
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында иісшіл иттің көмегімен есірткімен жүрген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 24 маусым күні шамамен сағат 19.30-да болды.

«Рахат» жедел алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, 5548-әскери бөлімінің маман кинологы, кіші сержант Асан Абдукәрім «Детектив» деп аталатын иісшіл итінің көмегімен тұрғынның жол сөмкесінен 400 грамм марихуананы тапты.

Қолға түскен адам Жаңаөзен қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты.

Көрсеткен қырағылығы мен кәсіби қызметі үшін А.Абдукәрім бөлім командирімен ынталандырылды.

«Детективтің» Ұлттық ұланда жүргеніне бес жылдан асты. Осы мерзімде иесімен бірге кинологиялық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды, сондай-ақ сарбаздарға қылмысты ашуға жәрдемдесіп келеді.

Аталған әскери бөлімде арнайы үйретілген 10 ит бар. Оларды есірткі және жарылғыш заттарды іздестіруге, патрульдік қызметке, қылмыскерлердің ізіне түсіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға пайдаланады.


Соңғы жаңалықтар