Індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз – ҚР Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус пандемиясының зардабын бүкіл дүние жүзі тартып отыр. Бұл індет біздің еліміздің экономикасына да теріс ықпалын тигізуде. Сондықтан, қазіргі таңда осы дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдап отырмыз. Жалпы, бүкіл әлем коронавирусқа қарсы күн сайын емес, сағат сайын күрес жүргізіп жатыр. Әлем жұртшылығы айтып отырғандай, бұл дағдарыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып тұрған ең ауқымды және аса қауіпті алапат. Мен өз сөзімде айтып өттім. Біз карантин шараларының арқасында вирустың жаппай таралуын бәсеңдеттік. Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елорда мен Алматыдағы қазіргі жағдай тұрақты.

«Бірақ, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан, індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Оған қоса, көктемгі егіс науқаны басталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынады. Осындай уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуалға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет», - деді Президент.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы елдегі төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін созу қажет екендігін және үш мегаполис пен өңірлердегі карантинді жалғастыруды тапсырды.



Соңғы жаңалықтар