Instagram-дағы фильтрлер лайк санын азайтады - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей назарларыңызға әлемдік баспасөзге шолуын ұсынады.

Коронавирустан қаза тапқандар саны 50-ден, вирус жұқтырғандар 2 мыңнан асты - ВВС


ҚХР президенті Си Цзиньпин Қытайдағы коронавирустың тарау жылдамдығы күрт артқанын мәлімдеді, деп жазады ВВС.

«Қытай жаңа жылын тойлау шарасынан кейін ҚХР президенті шенеуніктермен кездесу өткізіп, мемлекеттің қиын жағдайда екенін айтты. Оның айтуынша, Уханда жаңа вирус анықталғалы бері 56 адам қаза тауып, 2 мыңнан астам адам инфекцияны жұқтырған», деп жазады басылым.

АҚШ сейсенбі күні Ухандағы консулдык қызметкерлерін арнайы рейспен эвакуациялайтынын хабарлады. Ал британ зерттеушілері Қытай вирустың шетелде тарауына шектеу қоя алмайтынына алаңдаушылық білдірді.

«Бүкіл Қытай бойынша туристер вирусқа тексеріліп жатыр, бірнеше қалада теміржол қызметі жабық. Гонконгте төтенше жағдайдың ең жоғары деңгейі жарияланды. Басқа мемлекеттерде коронавирус жұқтырған бірнеше адамнан анықталып жатыр», деп жазады басылым.

Ұлыбританиядағы инфекциялық ауруларды бақылаудың жаһандық орталығы Қытай вирустың таралуын шектей алмайтынын айтты. Мамандардың пайымынша, вирусқа шалдыққан әр адам орташа есеппен 2,5 адамға жұқтырады. Сонымен қатар эпидемияны болдырмас үшін вирустың тарауын 60 пайызға қысқарту керектігі айтылады.

«Кеше Аустралияда 4 адам коронавирус жұқтырғанын ресми түрде мәлімдеді. Францияда үш адамда вирус анықталды. Коронавирусқа шалдыққандардың барлығы дерлік Қытайға барып келген», деп жазады автор.

Канада халқы Гарри мен Меганның келуін қолдамады - Le Monde


Канаданың National Post басылымында жарияланған сауалнамада канадалықтардың 61 пайызы Гарридің Канададағы генерал губернатор Яғни Патшайымның мемлекеттегі ресми өкілі болғанын қалайтынын жеткізген. Дегенмен, бір аптадан кейін канадалықтардың 73 пайызы өз салықтарының Гарри мен Меганның Канадада өмір сүруіне жұмсалғанына қарсы екенін мәлімдеген, деп жазады Le Monde басылымы.

«Гарри мен Меган Канадада тұратын болса, Патшайымның Канададағы атты полициясы Гарри мен Меганның қауіпсіздігі үшін 1,17 млн евро бөлуі тиіс. Канаданың салық төлеу федерациясы Гарри мен Меганның қаржылық тәуелсіздігін қолдайтынын, бірақ бұл мақсатта олардың шығынын өтеу үшін салық төлеушілердің қаржысын пайдалануға жол жоқ екенін мәлімдеді», делінген мақалада. Автордың айтуынша, бір аптада петицияға 50 мың адам қол қойған.

Instagram-дағы фильтрлер лайк санын азайтады - Daily Mail


«Селфиге арналған фильтрлер лайк санын арттыруға кері әсер етеді», деп жазады Daily Mail.

Нью Джерсидегі Роуэн университетінің зерттеушілері Instagram-да жарияланған селфилерге анализ жасады. Олар фотофильтрдің пайдаланылуы лайк санының аз болуына әсер ететінін анықтады.

«Мамандар лайк санының артуы үшін суретте жұмыс, хобби немесе экономикалық статустың байқалып тұруы маңызды екенін айтады», делінген ақпаратта.

Зерттеу авторының айтуынша, сурет авторы қаншалықты жақсы көрінуге тырысқанымен, аудитория ондай суреттерден соншалықты қашқақтайды. Ал фотода адам туралы қосымша ақпараттың болуы, мысалы, сүйікті заттары, кәсіби бұйымдары немесе жұмыс киімі фотоға қызығушылықты арттырады. Бұл зерттеу туралы Computers in Human Behaviour журналы жазды.

Давос-2020: Әлемдік экономикалық платформа лекцияға айналып кетті - Focus


Давосты құрған 81 жастағы Клаус Шваб жұмақты қалады, бірақ құбыжық жасап шығарды, деп жазады Фокус басылымы. Басылымның мәліметінше, Әлемдік экономикалық платформа ретінде ойластырылған алаң қазір құр дәріс оқитын жерге айналып кеткен.

«Давос форумындағы қатысушылар өзімен-өзі сөйледі. Әрқайсысы бірдеңе айтты, бірақ ешкім қабылдамады. Үш ауыз болғанымен, бір де бір құлақ табылмады», деп жазады автор.

Оның айтуынша, халық алдында оппонент болған Дональд Трамп пен Грета Тунберг рухтас адамдар.

«Екеуі де кемшілігіміз жоқ деп ойлайды. Екеуі де бір-бірін сыйламайды. Екеуі де ешқандай аргумент айтпайды», дейді автор.

Грета планетамыздың өртке оранып жатқанын айтса, Трамп пессимизмнен аулақ болуға шақырады. Автордың сөзінше, Осылайша, 50 жыл бұрын жаһандық диалог ұйымдастыру үшін құрылған Давос форумы өзінің мәнін жойып бара жатыр.

«Трамп жеңіс, ұлылық туралы айтады, Тунберг өрт, паника деген сөздерді қайталай береді. Форум мәдени тұрғыда, интеллектуалды тұрғыда кері кетіп барады. Халыққа ақыл айту қажет емес», дейді автор.






Соңғы жаңалықтар