Иран дипломаты: Қарулануға ең көп қаржы салатын қуатты держава да қауіпсіздікті сатып ала алмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Иранның ең танымал дипломаттарының бірі әрі мемлекеттік қайраткері, Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф қауіпсіздік турасында өз пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлем елдері бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүреді. Сол себепті, қауіпсіздік немесе экологиялық мәселелер белгілі бір мемлекеттің ғана проблемасы емес екенін ескеру керек. Соғыс болсын, қарулы конфрантация болсын – кез келген ел белгілі бір жеңілістің дәмін татады. Альянстар мен мемлекеттер арасында диалог орнауы тиіс. Біз қарулануға қаражатты салған сайын өзімізді қауіпсіздіктеміз деп ойлайтын секілдіміз. Мен АҚШ-тағы 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі әйгілі оқиғадан кейін Нью-Йоркте болдым. Нью-Йорктегі халықтың көзінен сонда мен үрейді көрдім. Қарулануға ең көп қаржы салатын қуатты державаның өзі қауіпсіздікті сатып ала алмайды», - деді Мохаммад Жавад Зариф Astana Club отырысында.

Ирандық дипломаттың айтуынша, кез келген мемлекет өзінің көрші елін – әріптесі, досы ретінде қабылдауы керек.

«Егер Ауғанстан хауста болса, Ирандағы қауіпсіздік туралы жақ ашпай-ақ қоюға болады. Сириядағы соғыс аяқталмаса, аймақ тыныштықта болмасы анық. Сол себепті, қауіпсіздік мәселесін қашан да бірлесе шешу керек», - деді ол.

Айта кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордада Astana Club отырысы өтті. Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысты. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Нобель сыйлығының лауреаты бар.

Соңғы жаңалықтар