Иранда қазақ ақынының кітабы жарық көрді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Карантиндегі өзгерістер және вакцина жайлы қазақ жастарының пікірі - Kaznews

Моңғолияда коронавирус инфекциясы 2020 жылдың қараша айында анықталып, елде әртүрлі деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, халықты үйден шықпауға шақырған болатын. Себебі, шектеулер вирустың тарауын сәл де болса тоқтатады, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Осы аптада, аталған БАҚ-та елдегі шектеу шаралары кезіндегі өмір сүру салтына қандай өзгерістер болғаны туралы және вакцина салдырғаннан кейін не істейтіні жайлы жастар өз ойларымен бөліскен.

Солардың бірі Берденбек Ерғабылұлы пандемия кезінің тиімді жақтарын айтып, сол шектеу шаралары болған уақытта жақындарымыздың қаншалықты қадірлі, қымбат екенін білдік дейді.

«Егерде бұл індет болмаса (covid19) өзімнің көп кемшілігімді және көптеген мүмкіндіктерімді білмес пе едім?! Шектеулер өмір сүру дағдымызды өзгертті. Жақын жандарымызбен бірге болуды үйретті. Және де жақын жандарымыздың қаншалықты қымбат екенін, олар үшін үйде болу керек екенін түсіндірді деп ойлаймын. Мен шекараның ар жағындағы асыл інімді тағы басқа жақындарымды сағындым. Жауапкершілік, тәртіп, вакцина үшеуі пандемияны жеңуге көмектеседі», дейді Берденбек Ерғабылұлы.

Ал туризм саласында жұмыс істейтін Гүлбану Төлеуханқызы коронавирустың салдары әр салаға өз ықпарлын тигізгенін, тіпті әлемдік саяхат саласы тұралап қалғанын тілге тиек етеді. Ол өзі қызмет ететін саланың екі жылдан бері тоқтап тұрғанын, бірақ оған өзінің мойымағанын айтады. Карантин өзін басқа қырынан тануға мүмкіндік тудырған. Әр нәрсеге шүкіршілік етуді үйретті, бұрын тек жұмысбастылыққа салынып, жанұясына уақыт бөле алмаған ол енді отбасындағылармен бірге уақытты өнімді өткізуге мүмкіндік туғаны туралы айтады.

«Әрине шектеуден бұрынғы кезді сағындық. Бұрынғыдай қалыпты өмірге оралудың бірден-бір жолы вакцина қабылдау екенін басқа елдерге қарап білуге болады. Шектеу жойылып, қалыпты өмірге қайта оралған кезде ең әуелі маскасыз емін-еркін жүруді, сүйікті ісіммен айналысып, туристерге еліміздің әсем табиғатын таныстыруды қалаймын», деп ойын түйіндейді қандасымыз Гүлбану Төлеуханқызы.

Карантиндегі өзгерістер және вакцина жайлы пікір білдіруші жастың бірі Қуанған Қобыландыұлы да карантин уақытын тиімді пайдалана алғанын айтады.

Өйткені бұл кезең Қуанған үшін ең көп жұмыс атқарған, ең көп нәрсе үйренген кез болған. Себебі ол медицина саласының қызметкері болғандықтан вакцинация, сараптамалық орталықтар мен науқастардың ортасында соңғы 4-5 ай үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр екен. Медицина саласының маманы ретінде ол бұл індетті жеңудің жалғыз жолы әр адам жауапкершілікпен қарап вакцина салдыру деп ойлайтынын тілге тиек етеді.

«Азаматтарға өз басымызды ғана ойламай – өзгелердің саулығы үшін вакцинаға қамтылу керек деп айтқым келеді. Бұл барлығымызды жақын жандарымызбен қалаған уақытымызда кездесуге мүмкіндік тудыратын болады», - дейді Қуанған Қобыландыұлы.

Иранда қазақ ақынының кітабы жарық көрді - Parstoday

Осы аптадаирандық Parstoday ақпараттық порталында қазақстанға қатысты бірнеше ақпарат жарық көрді. Атап айтар болсақ, «Иран мен Қазақстанның сауда айналымын 5 млрд долларға жеткізу мүмкіндігі бар», «Қазақстан мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлері пікір алмасты», «Киев қаласында қазақ құрылтайы өтті», сондай-ақ «Ақын-дипломат Дәуірбек Дүйсебаймен сұхбат» деген әртүрлі тақырыптағы 4 мақала жарияланған болатын. Біз бүгін солардың ішіндегі «Ақын-дипломат Дәуірбек Дүйсебаймен сұхбат» атты жазбаға тоқтала кетпекпіз.

Ирандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, жуырда Иранда ақын-дипломат Дәуірбек Дүйсебайдың «Саңылауға түскен нұр» атты кітабы жарық көрген. Бұл жолғы сұхбат осы кітаптың шығуы туралы сөзден басталады.

Parstoday-дің дерегінше, Дүйсебай Дәуірбек 1994 жылы Алматыдағы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернатты бітірген. Содан кейін Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультетінде парсы тілі мен әдебиеті бөлімінде оқыпты. Парсы ақындарының өлеңдерін аудару алғаш рет ЖОО-да білім алып жүргенде басталғанын айтады.

Ақынның айтуынша, ол студент кезінен бастап жайлап аудармаға бет бұрған. Одан кейін жұмыс істеген кездерде де аударма ісін тоқтатпаған. Иран ақындарынан, атап айтқанда Рудаки, Хайям, Руми, Сағди, Хафиз, Этесами деген ақындар мен ойшылдарды аз-аздап болса да, аудара жүруді жөн санаған. Ол осымен ғана шектеліп қалмай, алда да басқа ақындардан аударма жасау жағын қарастырсақ деп ойлап жүргенін айтады.

Жаңа туынды Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналыпты. Бұл сұхбатында автор кітапқа қай жылдан бастап жазылған өлеңдер енгізілгенін айтады.

«Кітап бес бөлімнен тұрады. «Жұпар» деген бөлімге кейінгі кездерде жазылған өлеңдер кірді. Одан кейін «Қысқа қайырымдар» деген бөлімде қысқа өлеңдер берілген. «Парсы поэзиясынан аз-кем аударма» бөліміне Сағдидің «Топырақпын жай ғана» деген өлеңінен үзінді алып, тақырып ретінде қойдық. 2013 жылы шыққан «Оянып кеткен ақ сәуле» деген кітап бар еді. «Таста да тіл бар» атты бөлімде содан алынған азды-кемді өлеңдер берілді. Одан кейін «Тәуелсіз сана» атты соңғы бөлімде мақалалар мен ой-пікірлер берілген», дейді Дәуірбек Дүйсебай.

Автор бүгінге дейін жарық көрген кітаптарының тақырыбына байланысты қойылған сұраққа жауап береді. «Нұр», «сәуле» деген екі сөзді өз шығармасында қандай мағынада қолданатынын айтады.

«Жалпы «Сәуле және нұр» деген сөздермен «тәуелсіздік» деген ұғымды айтсақ па деп ойлаған едік. Өзіңіз білесіз, тәуелсіздік қанша ғасырдан бері ата-бабамыздың арманы болып келген еді. Сонымен Кеңес үкіметі құлаған кезде тәуелсіздікке қол жеткіздік... Біз енді шын жүректен қуандық. Қанша жылдан бері жарыққа шықпай, тұншығып жатқан бір сәуле сияқты болып елестеді. Империя құлаған кезде оянып кеткен сияқты күй кештік. «Саңылауға түскен нұр» дегенде саңылаудың «түйсік, сана» деген мағынасы бар. Сондықтан оны түйсікке түскен нұр деген мағынада қарауға болады»,- дейді кітап авторы.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, бұл кітаптың кейбір бөлімдерінде парсыша және қазақша мәтін келтірілген. Сондықтан студенттерге өте пайдалы еңбек болуға тиіс. Автордың айтуынша, бұған дейін профессор Күмісбаевтың аудармалары болған. Оған дейін Мұзафар Әлімбаев аталарымыздың, басқа да кісілеріміздің парсы поэзиясын қазақ тіліне аударған шығармалары бар. Олардың көпшілігі орыс тілі арқылы тәржімаланған.

«Екінші тілден үшінші тілге аударған кезде поэтикалық тұрғыдан мән-мазмұнда белгілі бір деңгейде ауытқушылықтар болып жатады. Ал енді парсы тілінен қазақ тіліне тікелей аудару алдағы парсы тілі мамандарының, шығыстану мамандығын оқып жатқан қазіргі студент балалардың үлесі деп ойлаймыз. Олар бұдан да жарқын еңбектер жазып, елге еңбек сіңіреді деп ойлаймыз... Құдай қаласа, бұрынғы жазылған еңбектерді негізге алып, одан да асырып, керемет аудармалар жасап, өздері де соның негізінде жаңа туындылар дүниеге әкеледі деп сенеміз», деп түйіндеді бұл сұхбатты ирандық Parstoday.

Ухан мен Алматы арасында қатынайтын тұңғыш пойыз шекарадан шықты - «Жэньминь жибао» (People Daily)

26 мамыр күні Ухан мен Алматы арасында қатынайтын тұңғыш кезекті Қытай – Еуропа пойызы Қорғас темір жол өткелі арқылы шекарадан шығады. Шамамен 4 күннен кейін Қазақстанның Алматы қаласына жетеді. Бұл Қорғас темір жол өткелі арқылы шекарадан кіріп – шығатын Қытай – Еуропа пойыздары санының 25-ке жеткенін, Қытай – Еуропа сауда қарым-қатынасы кеңейгенін көрсетеді, деп хабарлайды «Жэньминь жибао».

Ухан темір жол орталығынан аттанған пойыз 50 вагоннан құралған. Бұл пойызға велосипет, отбасылық электр жабдықтары, кездеме қатарлы тұрмыстық тұтыну бұйымдары тиелген. Заттардың жалпы салмағы 652 тонна.

«Бұл Уханнан тұңғыш рет Қазақстанға қатынаған кезекші пойыз болып, Уханнан Орта Азияға баратын пойыз болмау тарихын аяқтады. Енді Орта Азиядағы әрқайсы елдермен болған сауда көлемі кеңейеді», деп жазды қытайлық БАҚ.

Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталының келтірген дерегіне сүйенсек, қазір Қорғас кеден бекеті күніне орта есеппен 13 – 15 Қытай-Еуропа кезекші пойызын тексеріп өткізеді. Ең көп болғанда 18 пойызға жетеді. Алдыңғы 4 айда Қорғас кедені шекарадан кіріп – шығатын Қытай – Еуропа кезекші пойыздарынан 1988 пойызды тексеруден өткізген. Бұндағы жалпы жүк мөлшері бір миллион 128 мың 900 тонна болған. Өткен жылдағымен салыстырғанда жеке-жеке 95% және 12.7% артқан. Ай сайынғы импорт – экспорт кезекші пойыздарының саны 10 ай бойы бүкіл Қытайдағы бес ірі темір жол өткелі бойынша бірінші орында тұрғанын мәлімдейді Қытайдың People Daily басылымы.

Ыстанбұл-Түркістан ұшақ рейсі іске қосылды - TRT

Түрік Әуе Жолдары Ыстанбұл-Түркістан ұшақ рейсін бастады. Түрік компаниясы салған Түркістан Халықаралық әуежайынан Стамбұлға аптасына бір мәрте төте ұшақ ұшады.

Бұл туралы Түркия радио телевизия порталы хабарлаған болатын.

Ұшақ рейстерін арттырған Түрік әуе жолдары Түркістанға тікелей ұшақ рейсін бастау арқылы Қазақстанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші мекені — Түркістан қаласына ұшты.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Түркістанға ұшақ рейсі Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Ұшақ рейсінің басталу рәсімі Түркияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Уфук Екинжи, Қожа Ахмет Ясауи университеті ректорының орынбасары Женгиз Томар, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, Қазақстан Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және басқа да қонақтардың қатысуымен өтті.

Сапар саны сатылы түрде көбейтіледі. Түркістан халықаралық әуежайы тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңадан салынған тұңғыш әуежайы болу ерекшелігіне ие. Түркі әлемінің рухани астаналарының бірі болған Түркістан қаласынан алғашқы халықаралық ұшақ рейсі Қазақ әуежолы арқылы 21 наурызда Ыстанбұлға келген болатын.

«Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы Қазақстанға алғашқы ұшақ сапарын ұйымдастырған халықаралық әуежайы болған Түрік әуе жолдары Түркістанға тұңғыш ұшақ ұшырған әуежолы болу арқылы осы дәстүрді жалғастырып келеді», деп түйіндейді TRT.

Өзбекстан мен Қазақстанның үкіметтік делегациясы шекараны белгілеу жөніндегі 83-ші отырысын аяқтады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

28 мамыр Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстанның үкіметтік делегациясы екі көрші елдің шекарасын белгілеу жөніндегі 83-ші отырысын аяқтады, деп хабарлады «ӨзА».

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 24-28 мамырда тараптар мемлекетаралық шекараны белгілеу бойынша қорытынды құжаттарды талқылау мен дайындауды жалғастырды. Келесі кездесу Қазақстанда маусым айында өткізу жоспарланған.

«Еске салар болсақ, тараптар бұған дейін 10-14 мамыр күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесуде Қазақстанның Түркістан облысымен шекаралас Сырдария және Жызақ облыстары шекарасындағы мемлекеттік шекара бөлігін белгілеу бойынша құжаттар жобаларын дайындауды жалғастырған болатын», деп жазды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Соңғы жаңалықтар