Ішкі істер министрлігі детективтік шығармалар байқауын жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі «Серт» атты республикалық детективтік шығармалар байқауын жариялады. Бұл туралы ведомство баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1 сәуірден бастап ІІМ алғаш жариялаған «Серт» әдеби байқауына детективтік жанрлар бойынша шығармалар қабылдау басталады. Байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізіледі, оның мақсаты - халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру. Шығармаларды қабылдау 2021 жылдың 1 мамырына дейін жүргізіледі», - деді Ш. Тұрлыбек.

Оның айтуынша, конкурсқа прозаның бұрын жарияланбаған детективтік шығармалары қабылданады.

Байқаудың қорытындысын белгілі жазушылар мен ақындардан, сыншылар мен қоғам қайраткерлерінен, журналистер мен ішкі істер органдарының ардагерлерінен құралған қазылар алқасы шығарады.

Шығармалар ұйымдастыру комитетінің электронды поштасына ([email protected]) «конкурсқа» деген белгімен жіберілуі тиіс.

«Шығармаларды қабылдау, бағалау шарттары мен байқаудың ережесі туралы қосымша ақпаратты біздің порталдан, Polisia.kz сайтынан, өңірлік полиция департаменттерінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқи аласыздар», - деді Шұғыла Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар