Ислам -ұлтыңды сүюден басталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазір әлемде діни-саяси ахуал тұрақты емес екені, оған түрлі саяси-экономикалық астыртын күштердің жағымсыз әсер етіп отырғаны жалпы халыққа белгілі. Таяу Шығыс елдерінде орын алған діни экстремистік топтардың елдер ішінде лаң салып, бүлік шығарғаны, одан қаншама жазықсыз азаматтардың жапа шеккенін білеміз. Өкініштісі, кейбір теріс идеялардың жастар санасына сынамалап еніп отырғаны жағдайды ушықтырмаса, жақсартпайтыны анық.

Елімізде жүздеген азаматтарымыздың теріс ағымдардың жетегінде жүргені белгілі жағдай.

Бүгінгі ел арасында радикалды іс-әрекеттерге итермелеп отырған псевдосалафилердің (уахабилердің), теолог мамандардың пікірінше, «идеялық тартымдылығы» азаяр емес. Бұл діни дүрдараздықтың тоқтамайтындығын білдіреді. Дегенмен, діни экстремизмге қарсы күрес мекемелері жыл сайын күрес тәсілдерін жақсартып, оны заман ағымына орай өзгерткенімен, теріс идеядағы азаматтардың санасына интернет құралдарының ықпалы азаймай отыр.

Елдегі діни экстремизммен күресте шетелдік теріс ағым жолындағы ұстаздың діни түсінігіне, өзге шетелдегі басқа бір ұстаздың түсінігімен жауап беру орын алған. Бұл, түптеп келгенде, ұлттық мүддені түгендемейді. Бұл радикалды ағымдармен күрестегі мамандардың да рухани жаңғыруы қажеттігін туындатады. Ол үшін өзіміздің төл ұлттық жобамыз тарихи санамен ғана қарсы тұрып, жоғымызды түгендей алмақпыз. Псевдосалафизмге қарсы «идеялық тартымдылықтың» орнын тарихи сана ғана алмастыра алатынына сенімім мол. Өйткені генеологиялық жады ұрпақтың санасында болады және әрқашан жаңғыруды күтіп, бұғып жатады.

Халықтың ұлттық болмысы мен ғылымға деген махаббатын, азаматтарымыздың рухын Ислам діні арқылы да тәрбиелеуге болады.Сонда оның ұлттық ойлауы имани деңгейге, ал ғылымға құштарлығы екідүниелік ойлау болмысына айналады. Алайда мұның бәрі дінді дұрыс тәпсірлеуге байланысты деп ұғамын. Сондықтан мәселе Ислам дінінде емес, оны халыққа дұрыс түсіндіруде болып тұр. Шын мәнінде дінімізде ұлттық рухты имани деңгейге көтеретін де, адамның рухын ғылымға баулып, итермелейтін де орасан күш бар. Тәпсіршінің өзінің санасы төмен, білімі таяз, көкірек көзі ашылмаған болса, онда оның ойынан діни араздықты қоздыратын, радикалды, санасыз мағыналар шығады.

Біз әлі де Исламның сыртқы қалыптан гөрі ішкі мәнге түскенін түсінбей келеміз. Шәкәрімше айтқанда, «сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді». Қазақтың жаңғыруының түп негізінің бірі осында жатыр. Яғни, ішкі рухани күш пен ішкі мән. Исламды түсіндіргенде ішкі қалыпқа (ішкі жан дүниеге) басымдық беру керек. Қазіргі жағдайда сыртқы қалыпты көбірек насихаттау діндар азаматтардың сырт көз үшін ғана діннің қағидаларын ұстап, ішкі тазалыққа мән бермеуіне алып келуде.

Құранда «мен құдіретімді адамдар арқылы көрсетемін» деген аят бар. Мұның мәні рухты таза ұстап, ғылым арқылы құдайдың құдіретінің көрінісіне куә бола аласың деген мағына.Тарихта Ислам әлемі неге ғылымның биік шыңына шығып (сол кездің дәуірінде), классикалық Ислам деген атпен танылды? «Құдай жоқтан бар жасаса, біз бардан бар жасауымыз керек» деген қазақтың аталы сөзі неге қазір басты мағына бола алмайды? Өкініштісі, қазіргі айтыс-тартыспен псевдосалафизмді түбегейлі жеңеміз деу бекершілік екенін жағдай ұқтырды. Кез келген қауіпті идеологияға қарсы өзіміздің қуатты идеологиямызды қарсы қойғанда ғана олқылықтың орнын толтыра аламыз.

Ол идеологияның аты жоғарыда сипаттағанымыздай – тарихи сана. Айтып өткеніміздей, жас ұрпақтың санасында ата-бабаларынан сіңген ұлттық жады бар. Біз соны қозғай білуіміз қажет. Бүгінгі ел арасын бүлдірген жат идеологиялардың негізі сырттан таңылғандықтан, оған қарсы күш ұлттық болмыс екенін ұғамыз. Мәуләнә Румидің: «Сыртыңа қарағанда ішіңді тазарт. «Сыртың – халықтың, ал ішің – Хақтың назарында тұр» деген сөзін діндарлар мен діншілдерге түсіндіруді жұмысымызда ту етіп алуымыз қажет деп санаймын.

Теріс ағым жолындағы азаматтарға тарихи сананы алға тарта отырып, данышпан Абай айтқан «жүрек ілімін» дұрыс қолдана білуіміз қажет. Батыс философтарының айтуы бойынша батыс пен шығыс өркениеттер қақтығысын жүрек ілімі (бір құдіреттің бар екеніне бас ұра отырып, адам баласын сүюге бағытталған ұстаным) ғана жұмсарта алады екен.

Адасудың негізі танымның дұрыс болмағанынан туындамақ. Ислам философы имам Ғазали былай дейді: «Пенде нені таныса, соны сүйеді. Нені сүйсе, соның соңында болады». Бұл адам неге сенсе, сол оның әлемі болады дегенді ұқтырады. Тарихи сананың маңыздылығы да осында.

Исламда ұлтжандылықтың жағымсыз дүние емес екені көрсетілген, керісінше, адам исламды таныған сайын ұлтын сүйе бастайтыны анық. Ислам діні алдымен өз ұлтыңды құрметтеп сүю арқылы өзге ұлттарды құрметтеуге жол ашады. Біз осыны дұрыс түсіндіріп, дұрыс мағынада көрсете білсек, псевдосалафилік түсініктегі азаматтардың идеялық тартымдылық кеңістігін алмастыра алар едік.

Радикалдармен күресте Қазақ елінің Еуразия кеңістігіндегі алып империяның мұрагері екенін санаға сіңіріп отыру маңызды. Осының арқасында ұлттық құндылықтарға деген мақтаныш сезімі артып, басқа жұртқа еліктемейтін болады. Псевдосалафилердің санасында Ислам діні мен ұлттық бастаулар арасында идеялық қақтығыс көп. Ақпараттық саламызда антиэкстремистік идеологияның тек діни процесс пен құрылымдар арасында қалып қоймағаны абзал деп санаймын.

Кейбір мұсылман елдерінде (Малайзия, Түркия) Ислам мен ұлттық патриотизм сезімін ұштастыра біледі. Ал бізде керісінше Ислам діні мен ұлттық бастауларымыздың арасында қақтығыс жиі туындап отырады. Жоғарыда сипаттағанымыздай, адамның санасында тарихи жадыны, сананы қайтадан жаңғырту маңызды. Бұл – жады атадан балаға беріліп, адам санасында сақталып тұрады. Псевдосалафизм мен дәстүрлі діннің тарихы тым тереңде, оларды ұстанған адамның бір пікірге келуі неғайбіл деген қоғамда түсініктер берік орын алған.

Бұл- қате пікір. Мысалы, бүгінгі салафит ата-бабасынан бері салафит емес екені түсінікті. Демек, саналық жадында теріс түсінік берік орнамаған, ол уақытша ғана ақпарат. Сондықтан, теріс ағымдағылардың арғы жағындағы генеологиялық жадын жаңғыртсақ қана, бергі жағындағы теріс ақпарат жуылып-шайылып кетпек.

Жарас Ахан

дінтанушы

Соңғы жаңалықтар