Испанияда наурыз айынан бері алғаш рет коронавирустан қайтыс болған дерек тіркелген жоқ

None
None
МАДРИД. ҚазАқпарат – Өткен тәулікте наурыз айынан бері алғаш рет Испанияда коронавирустан қайтыс болу оқиғасы тіркелмеген, деп мәлім етті ел билігі. Елде коронавирус жұқтырудың 71 жаңа оқиғасы анықталған, бұл да екінші күн қатарынан 100-ден төмен көрсеткіш тіркеліп отырғанын білдіреді. Бұл туралы ҚазАқпаратEFE-EPA агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Испания корнавирус пандемиясынан ең көп зардап шеккен Еуропа елдерінің бірі болды. Соңғы аптада онда ауру жұқтыру деңгейі бақылауға алынғаннан кейін қатаң оқшаулау режимі біршама жұмсартылды.

Осыдан үш айдан астам уақыт бұрын Испанияда ауру өршіп тұрған еді. Жалпы сол сәттен бері коронавирустан барлығы 27 127 адам қайтыс болған. Ауру жұқтырудың расталған жағдайларының саны – 239 638.

Соңғы жеті күн ішінде вирустан 35 адам көз жұмған.

Коронавирус жұқтыру жағдайларының азаюы елде 14 наурызда енгізілген шектеу шараларын біршама жеңілдетуге мүмкіндік берді. Карантиннің жеңілдеуі төрт кезеңнен тұрады. Елдің көптеген өңірлері карантин режимінің жұмсартудың екінші кезеңінде, ал Мадрид пен Барселона бірінші кезеңінде. Әр кезең келесі кезеңге өтпес бұрын кем дегенде екі аптаға созылуы керек.


Соңғы жаңалықтар