Измирдегі зілзала: Қазақстандық журналист Түркия халқы апат салдарымен қалай күресіп жатқанын айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық тәуелсіз журналист Әсел Қайролла Түркия халқы зілзаланың салдарымен қалай күресіп жатқанын айтып берді. Ол жер сілкінісі болған күні Измир қаласында қатты зардап шеккен екі ауданның бірі – Борновадағы үйінде болыпты. ҚазАқпарат тілшісі әлеуметтік желі арқылы Әсел Қайролламен хабарласып, түрік ағайындар мен сол жақтағы отандастардың жағдайын біліп көрген еді.

«Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайдың алдын алу және жою басқармасының (AFAD) 2 қараша күні сағат 11.29-да берген мәліметі бойынша, зілзаладан қайтыс болғандар саны 83-ке, жаралылар саны 962-ге жетті. Қазір қираған 6 ғимаратта құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаралылардың 743-і жеңіл жарақатпен құтылса, 219-ы ауруханаға жатқызылған, оның 9-ы жансақтау бөлімінде, 4-еуі өте ауыр халде», - дейді Әсел Қайролла.



Журналисттің айтуынша жалпы Измир ғана емес, Түркияның барлық өңірі сейсмологиялық апатты аймаққа жатады. Былтыр елдің шығыс жағында да үлкен жер сілкінісі болған. Ал биыл Измирде ғана емес, Ыстанбұл, Ушак, Айдын деген аймақтарда да зілзала тіркелген. Алайда эпицентр Измирде болғандықтан жер сілкінісінің ең қатты зардабымен осы қаланың тұрғындары бетпе-бет келген.

«Афтершоктар әлі де болып жатыр. Измирде осы үлкен зілзаладан бері 1143 рет тербеліс анықталған. Ең үлкені – 5 балға жеткен. Маған осы жақта оқып жатқан студенттердің туыстары, жалпы көп кісілер хабарласып, уайымдап жатыр. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі жақсы көмектесіп жатқанын айта кету керек. Бірден бәрімізге хабарласып, Измирдегі Қазақстанның азаматтары мен студенттерін түгендеп, шұғыл әрекетке көшті. Зардап шеккен ешкім жоқ. Тек қазақстандық студенттер тұратын жекеменшік жатақхананың бір қабырғасы жарылған екен. Ыстанбұлдағы біздің консулдық басқа жатақханамен сөйлесіп студенттерімізді сол жаққа орналастырды. Қатты қауіп жоқ», - деген Әсел Қайролла интернетте тарап кеткен су басып жатқан жерлер мен құлап жатқан үйлердің фотосуреттеріне қатысты пікірін білдірді.


Зілзала Измирдегі екі ауданда тіркелген. Борново деген ауданда 2 ғимарат құласа, Байраклы деген аудандағы ескі ғимараттардың көбі қираған.

«Жалпы Байраклы – Измирдегі проблемалық аудан. Кезінде ол ауданда рұқсатсыз үйлер өте көп салынған. Кейін ондағы билік сол үйлерді сүру туралы шешім қабылдаған кезде, сондағы азаматтар көп шағымдана бастағаннан кейін үйлер сол бетінде қалыпты. Ал қаланың бас жоспарында ол ауданды жаңарту жұмыстары бар-тын. Измир, Айдын өлкелерінде қазан-қараша айларында жер сілкінісі жиі тіркеледі. Бірақ ең жойқыны – осы жолы болып тұр. Жалпы Түркияда жүргеніме 2 жылдай болып қалды. Бұрын зілзала ары кетсе 5 секундтқа ғана созылатындай көрінетін. Өзіме осы жолы 1-1,30 минуттай тербеліп тұрғандай сезілді. Бірақ мамандар 45 секунд тербелгенін жария етті», - дейді отандасымыз.


Журналист сонымен қатар Түркиядағы билік зілзаланың салдарымен қалай күресіп жатқанын айтып өтті.

«Біздің елде апат тіркелсе жауапты министрліктер немесе Президент осындай қаражат бөлінеді деп айтады да, сол қаражаттың бөлінетіні белгілі. Ал Түркияда апат жағдайында әр министрлік, әр облыс өз бетімен бюджеттен қаражат бөлуге құқылы. Сондықтан әр министрлік шамалары келгенше көмек көрсетуде. Мысалы өткен жұмада Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызмет көрсету министрлігі 5 млн лира бөлсе, бүгін тағы 5 млн лира жібереміз деп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен үйінен айырылған әр отбасыға қауіпсіз аймақтан үй жалдау үшін, жағдайлары түзелгенше 5 мың лира аударылады. Содан кейін ешқандай заттарын ала алып шығып үлгермегендерге бір реттік тәртіпте 30 мың лира беріледі», - дейді ол.


Измир қаласында қазіргі уақытта баспанасыз қалған отбасыларды уақытша паналату үшін ашық алаңдарда 3545 шатыр құрылған. Оларға 24 382 көрпе, 13 280 төсек, 5 500 төсек-орын, жапқыш, 2 657 ас үйге қажетті жабдықтар және тұрақты ас-ауқат жіберіліп тұрады. Шатырлар құрылған жерлердің маңайына дәретханалар мен суға түсетін орындар да орнатылып жатыр.

«Жер сілкінісінен 65 сағаттан соң - жаңа ғана бір үйдің астынан 3 жасар қыз құтқарылыпты. Жаралы екен. Хабар тараған жарты сағаттың ішінде Ыстанбұл Төтенше жағдай бойынша құтқару отрядын жіберді. Адана алыс болса да олардың да құтқарушылары жылдам жетті. Жалпы түріктердің ұйымшылдығын ерекше атап өткім келеді», - деп түйді Әсел Қайролла.


Фотосуреттер sabah.com.tr сайтынан алынды.


Соңғы жаңалықтар