«Jas Otan» мектеп және колледж түлектеріне білім гранттарын табыстады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Jas Otan» мектеп және колледж түлектеріне оқу гранттарын табыстады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, түлектер гранттық негізде 5 ЖОО-да және Алматы қаласының 1 мемлекеттік колледжінде оқиды. Сертификат иегерлері – көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасынан шыққандар және қоғамдық іс-шараларға қатысатын, волонтерлікпен айналысатын белсенділер.

Әлеуметтік серіктестік негізінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «Тұран» университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжі қолдау көрсетті. Айта кету керек, бұл бастаманы «Jas Otan» жастар қанатының қалалық филиалы алғаш рет өткізіп отыр.

«Халықаралық жастар күні және «Jas Otan» жастар қанатының 20 жылдығы қарсаңында болашақ студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетуге шешім қабылдадық. Әрбір грант иегерін таңдау туралы шешімді арнайы құрылған комиссия қабылдап, критерийлерге сәйкестерін таңдады. Грантты 6 түлек алды. Алдағы уақытта басқа ЖОО жоғарыда аталғандар үлгі негізінде жастарға әлеуметтік қолдау көрсетеді деп үміттенеміз», - деді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.

Грант иегерлерінің қатарында жасотандық ерікті Әлібек Мейілхановта бар. Ол «Jas Otan»-ға алғысын білдіріп, болашақта өз білімін ел игілігі үшін жұмсайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар