«Junior Eurovision»: Ержан Максимнің дайындығы қалай өтуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Дүбірлі додада 9 бен 14 жас аралығындағы әншілер өнер көрсетеді. Әлем елдері көз тіккен сайысқа Қазақстан атынан «Балалар дауысы» ұлттық жобасының жеңімпазы Ержан Максим қатысады. Атап өтейік, «Хабар» агенттігі 2016 жылы айтулы шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі атанды. Бұл, байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде Қазақстан «Junior Eurovision» байқауына екінші мәрте қатыспақ.

Биыл ел намысын қорғайтын Ержан Максим сайыста «Арманыңнан қалма» туындысын орындайды. Әнге Алматы қаласында клип те түсірілген. Жалпы «Junior Eurovision» шарты бойынша қатысушы еш жерде жарияланбаған 3 минуттық композицияны жанды дауыста орындауы тиіс.

Осы күндері Ержан конкурсқа қызу дайындық үстінде. Оған тәжірибелі әншілер, мамандар ақыл-кеңестерін беруде.

Е. Максим үшін тақым қысып, тілекші болып отырғандардың арасында алғашқы ұстазы Дария Бақытова да бар.

«Бүгін ұйқыдан тұрып, парақшасын ашып қарап едім, Ержан Андреа Бочеллиді тыңдайтынын айтыпты. Әлемдік жұлдыз. Сол ағасымен танысқан, Димаш, бәрі сол кісінің қасында жүр екен. Әнін айтып көрсетіп жатыр. Андреа сүйемелдеп отыр. Бұл өте қуанышты жағдай», - дейді ол.

Еске салсақ, Ержан Максимнің аталмыш халықаралық байқауға қатысатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 10 қазан күні жас дарын Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, байқауға арналған «Арманыңнан қалма» әнінің бейнебаянын көрсетті. Оның режиссері - Александр Фломбойм, продюсері - Сергей Руцкий. Әннің авторлары - Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов.

«Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өтті. Биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады.

Ал Қазақстан бұл байрақты бәсекеге алғаш рет 2018 жылы Минскіде (Беларусь) қатысты. Еліміз атынан «Өзіңе сен» әнімен Данэлия Төлешова өнер көрсетті. Ол алтыншы орынға ие болды. Бас жүлде польшалық Роксанна Венгельге бұйырды. Екінші орынды Франция әншісі Ангелина, үшінші орынды австралиялық Джаэль Уена жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар