Кадет сыныптарының түлектеріне ЖОО-ға қабылдауда квота қажет – БҒМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кадет сыныптарының түлектеріне әскери-техникалық бағыттағы ЖОО-ға қабылдау кезінде квота қарастыру керек. Бұл ұсынысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кадет сыныптарының түлектеріне әскери-техникалық бағыттағы ЖОО-ларға қабылдау кезінде квота қарастыруды ұсынамыз. Жалпы нормативтік-құқықтық актілерде кадет сыныптарының жұмысы регламенттеледі. Қазір елімізде жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарында 22 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оқу бағдарламалары, ынталандыру пакеттері және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігімен бірлесіп шешіледі», - деп жазды Білім министрі өзінің Facebook парақшасына.

Министрдің айтуынша, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша оқу бағдарламасы тәжірибеге бағытталған білім мен машық алу бағытында жаңартылып жатыр.

«Біз Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беруді сұрадық, бұл «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің бағдарламасында бар. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің басшысымен бірге оқу пәндері мен оқу жүктемесіне түзетулер енгізу мәселелерін де талқылағанымызды қоса кетейін», - дейді А. Аймағамбетов.

Бұған дейін Білім министрі әскери борышын өтеген және «Кадет» сыныбын бітірген түлектер университетке грант алу үшін 5% квота бөлінетінін жазған еді. Оған қоса, университет түлектері әскери қызметтен өтсе, грантты өтеуден босатылады.

Сонымен бірге, Асхат Аймағамбетов әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізуді, студентке нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабуды ұсынды .



Соңғы жаңалықтар