Қадір түні: ШҚО бас имамы жұртшылықты мешітке жиналмауға шақырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мешіттерде Қадір түні өткізілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек Мұқатай баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.

Өз сөзінде ол індеттің алдын алу мақсатында биыл Қадір түнін отбасымен бірге үйде өткізуге кеңес берді.

«Бүкіл әлем ауыр сынақты бастан кешіп жатыр. Коронавирус еліміздегі кейбір діни шаралардың өтуіне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Десек те, қауіпті дертті бірге жеңуіміз керек. Ол үшін шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Пандемияға байланысты биыл Қадір түнін мешітте өткізбейтін болдық. Сондықтан уағызды онлайн айтамыз», - деді Ермек Мұқатай.

Оның айтуынша, осыдан былай өңір мешіттерінде карантин талаптарын сақтай отырып жұма намазын оқуға рұқсат етілген.

«Ертеңнен бастап мешіттерде жұма намазын оқуға болады. Вирус өршуінің алдын алу мақсатында жұма намазы мешіт ауласында оқылады. Мешітке келушілерде міндетті түрде маска мен қолғап болуы керек. Сонымен қатар дәретті үйден алып шығып, мүмкін болса өздеріңізбен бірге жайнамаз ала келуді сұраймыз», - деді бас имам.


Соңғы жаңалықтар