Қаладан ауылға қоныс аударған ақмолалық келіншек ата кәсіпті өркендетуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауылдық жерде тұратын адамның басты байлығы – қолындағы малы. Ішер асың да, киер киімің де осы малдың есебінен. Бүгінде Ақмола облысында осы ата кәсіпті жаңғыртып, нәпақасын тауып отырған шаруалар баршылық. Соның бірі – Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылының тұрғыны Ләззат Әбілдинова мемлекеттік бағдарламаның арқасында мал басын көбейтіп, ата кәсіпті өркендетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қой бағып, сиыр сауу кейіпкеріміз Ләззат Әбілдинованың күнделікті ісі. Ол жұбайымен бірге 2014 жылы өмірін түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар түрткі болыпты. Ләззат жұмысында қысқаруға ұшырайды. Осыдан ол көп ойланбастан, күйеуінің туған ауылына көшіп, өз ісін ашуға бел буады. Жинаған қаржысына Қорғалжын ауданының Сабынды ауылынан үй сатып алады. Ал көлігін сатқан ақшаға үлкен қора салады, Осылайша ол фермерлік шаруашылықты дамытуға ден қояды.



«Болашақ ауылда деп ойлаймын. Әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарға байланысты қаладан ауылға көшіп келдім. Ауылдан өз қаражатымызбен үй сатып алдық. Ескі үйді жөндеп, машинамызды сатып, қора салдық», - деп сөзін бастады кейіпкеріміз

«Мен негізі қаланың қызымын, ауыл өмірінің барлық қыр-сырынан хабарсыз болдым. Бірақ «өмір үйретеді» демекші, күйеуім мен интернеттің арқасында көп нәрсені үйрендім. Үлкен кісілердің ақыл-кеңесіне құлақ түрдім. Осылайша, сиыр саууды, сүт салып, май айыруды үйрендім.

Бастапқыда, әрине қиындықтар болған. Мал сатып алатын қаржысы болмаған соң Ләззат «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламасының арқасында кәсіпкерлік қызмет негіздері курсынан өтіп, жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие алған.


«Жобалық жұмысымды сәтті қорғап шығып, жеке кәсіпкерлігімді ашып, тиімді шарттармен 2 миллион теңге көлемінде ұзақ мерзімді несие алдым. Бірден айтайын бұл бізге үлкен көмек болды. Осы қаражыға 7 бас сиыр сатып алдық, ісіміз оң басты», - дейді Ләззат Әбілдинова.

Хакім Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» өлең жолдары кәсіпкер әйелдің өмірлік ұстанымына айналған. Оның бұл істі бастағанына да 5 жылға жуықтапты. Осы аза ғана уақыттың ішінде ол мал басын екі есеге көбейткен. Ендігі мақсаты мал тұқымын асылдандырып, сүт фермасын салу. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстары басталып та кеткен.



«Алдағы жоспарларымыз орасан зор. Бордақылау алаңын салдық. Енді 30-50 сиырға арналған үлкен сүт фермасын ашқымыз келеді. Жалғыз проблема ол-жайлымдық жер мен шабындықтың жоқтығы. Егер мемлекет, жергілікті атқарушы органдар бізге жер бөлсе, малға шөп шабу үшін техниканы лизингіге алар едік. Шөп өте қымбат, оны осындай көп малға сатып алу тиімді емес. Осы мәселе шешімін тауып жатса, субсидия алып, асыл тұқымды мал әкелемін», - дейді кәсіпкер әйел.

Бүгінгі таңда Ләззат Әбілдинованың «Алға» отбасылық фермасының табиғи таза сүт және сүт өнімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Осының арқасында отбасылық бизнесі дамып, табысы да арта бастаған.




«Сауын сиырлардан бөлек, қазіргі уақытта бізде 27 бас ірі бордақылауда тұр. 23 жылқымыз, 100-ге жуық қойымыз, біраз қаз, тауық және үйрегіміз бар. «Алға» отбасылық фермамызда экологиялық жағынан таза өнімдер - сүт және сүт өнімдерін, май, қаймақ, сүзбе, айран, құрт, мал еті, құс еті және жұмыртқа сатамыз. Міне, бірер жыл болды, бие байлап, сүтін өңдеп келеміз. Сатуға шығарамыз, үйге келіп-кеткен меймандар шөлін басады. Бұл бір жағынан өзіңе пайда болса, екінші жағынан, ұлттық дәстүрімізді ұлықтау деп білемін», - дейді кәсіпкер әйел.

Осылайша, бүгінде мал өсіруге шындап бет бұрған Ләззат Әбілдинованың елорда белдеуін ет және сүтпен қамтамасыз етуде қосар үлесі мол.


Соңғы жаңалықтар