Қалыпты өмірге оралу: Шектеу шаралары жеңілдетілгеннен кейін неге рұқсат беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 5 аптаға созылған қатаң карантин шаралары жемісін беріп, коронавирус індетінің таралу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Медицина қызметкерлеріне де жүктеме еселеп азайып, осы уақытқа дейін есігі тарс жабық болған емханалар мен ауруханалар науқастарды қалыпты режимде қабылдау жұмыстарына кірісіп те жатыр.

Осыған байланысты күні кеше ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралған болатын.

Сонымен осы айдың 17 тамызынан бастап барлық өңірде сауда ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, жабық базарлар, сән салондары, шаштараз, СПА орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін кәсіпкерлік субьектілерінің қызметі жанданады. Бассейні жоқ фитнес орталықтар, бассейні жоқ моншалар мен сауналар, білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, ашық ауадағы аттракциондар жұмысын бастайды. Бірақ, бұл аталған субьектілердің барлығы да мейлінше жартылай қуаттылықпен жұмыс істегені дұрыс. Тұтынушыларды топтап қабылдауға болмайды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін қызметкерлердің 80 пайыз қашықтан еңбек ету ережесін сақтауы ұсынылады.

Бұл ретте карантин шаралары алынып тасталды деп еркінсуге болмайды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, маска тағу, қолды үнемі сабындап жуу, антисептик пайдалану, қоғамдық орындарда ара қашықтық ұстану қажет. Өйткені, алда коронавирустың екінші толқыны жүру қаупі жоғары.

«Карантиннің жеңілдетілумен қатар белгілі бір қауіптердің күрделене түсуі қатар жүреді. Коронавирусқа қатысты бұл қауіптер мемлекеттік құрылымға не болмаса ауруханалардағы төсек-орынға емес, адамның менталитетіне, адамдардың байыппен немесе жүрдім-бардым қарауына, елімізде туындаған ортақ проблемаға адами біріге білуіне байланысты. Дәл осы деңгейде, коронавирусқа қатысты қазіргі жағдайда бұл үлкен қауіп туындайды. Індет жұқтырып, өзгелерге таратпау үшін өзіңе, өзіңді қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараған жөн. Коронавирус індетінің екінші толқынынан қалай өтетіндігіміз өзімізге және тәртібімізге, іс-әрекеттерімізге байланысты», - деген еді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Жұмыс күндері карантиндік шаралар жеңілдегенмен, демалыс күндері карантин тәртібі қатаң сақталады. 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуы шектеледі. Қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтайды және демалыс күндері жұмысқа баруға тыйым салынады. Бұл да коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін жасалып отырған мәжбүрлі шара десек те болады. Дегенмен, сенбі-жексенбіде азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын жалғастыра береді.

Ал ойын-сауық, спорт, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорт, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына, мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің, діни нысандардың жұмысына тыйым бар.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаевта карантин шараларды жеңілдетілгенмен маска тағу, әлеуметтік арақашықтық ұстану, антисептиктерді пайдалану, қолды жиі жуу сияқты сақтық шараларын әрбір адам ұстануы тиістігін баса айтады.

«Шындығына келгенде, мұның барлығы ең алдымен адамның өзіне байланысты жайт. Мәселен, адам саны өте көп Қытайдың өзінде ауруға шалдыққандар санының қанша пайыз болғанын және салдары қандай екендігін көріп отырмыз. Оңтүстік Корея, Вьетнам елдерінің де тұрғындары ұстанымдық танытудың жоғары деңгейін көрсетуде. Бұл өте маңызды», - деді институт директорының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар