Канадада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы атап өтілді

None
None
ОТТАВА. ҚазАқпарат – Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Қазақстанның Канададағы Елшілігі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын Канадада атап өту бағдарламасы аясында арнайы музыкалық онлайн кеш ұйымдастырды. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға канадалық қоғамдық топтар, дипломатиялық корпус өкілдері, Онтарио, Альберта және Ванкувер провинцияларындағы қазақстандық диаспора, сондай-ақ Канададағы қазақстандық студенттер қатысты.

Кешті Қазақстан Елшілігінің Кеңесшісі Мұрат Рүстемов ашты. Отандық дипломаттың айтуынша, іс-шараны Елшілік Канададағы достарымен бірге Жамбылдың мұрасын насихаттау мақсатында өткізуде. «Бұл әсіресе қазақстандықтардың өсіп келе жатқан ұрпағы, Канададағы отандастарымыз үшін қазақ мәдениеті оларға қол жетімді және түсінікті болуы үшін қажет», – деді ол осы орайда.

Дипломат, көрнекті суырып салма ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасы қазақ поэзиясының алтын қазынасына жататынын атап өтті. Оның айтуынша, ақын өзінің ұзақ және жемісті ғұмырын ең игі адами қасиеттерді – отансүйгіштікті, тектілікті, заңға адалдық пен әділдікті дәріптеуге арнады.

Іс-шара барысында әнші Әлия Седекқызының орындауында Жамбылдың әйгілі «Әгугай» және Қыранбек Алтанның орындауында Алтынбек Қоразбаев пен Серік Тұрғынбековтың «Туған жерім тамаша» әндері шырқалды.

Жамбылдың «Елімнің қыздарына» өлеңін Паола Зигаитис және Людмила Киселёва шабыттанып оқып шықты.

Көрермендер Толқын Менкешева, Сұлтанбек Серік-ұлы және Ақмадияр Нұрлыбайұлының домбырамен орындауындағы Құрманғазы Сағырбаевтың «Адай», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе жек» күйлерін тыңдай алды.

Іс-шара соңында, Қазақстанның Торонтодағы консулы Әнуар Ахметов барлық атсалысқандарға Канададағы қазақ мәдени мұрасын ілгерілетуге белсенді қатысқандары үшін шынайы ризашылық білдірді.


Соңғы жаңалықтар