«Қара жорға» биі коронавирустан емделіп жатқан науқастарға демеу болды – Шетелдік қазақтілді баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Қара жорға» биі Уханьдағы коронавирустан емделіп жатқан науқастарға демеу болды -Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Шыңжаңнан Уханьға көмекке барған тәжірибелі дәрігер-хирург Баһаргүл Толқынқызы коронавирустан емделіп жатқан науқастарға қазақтың «Қара жорға» биін билеп берді, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-қа сұхбат берген Баһаргүл Толқынқызының айтуынша, ол 5-ші ақпанда Шыңжаңнан көмекке аттанған топтың құрамында Уханьға келген. Шыңжаңнан көмекке келген 102 адамның 21-і Қытайдағы қазақ, ұйғыр, дұңған, моңғол секілді саны аз ұлт азаматтары екен.

Осы медициналық топ жетекшісінің орынбасары Баһаргүл Толқынқызы Ухань қаласының Фан Цан ауруханасының С аймағында өткен интерактивті мәдени іс-шарада қазақ халқының «Қара жорға» биін билеген. Қазіргі күні сол науқастардың ортасында қорғаныс костюмімен «Қара жорға» биін билеген видео әлемге кең таралып жатыр. Ал осы мәдени шараны тамашалаған адамдар «Қара жорға» биін тұңғыш көргендерін және ерекше биден үлкен әсер алғандарын айтып, алғыстарын білдірген.

«Біздің бақылауымызға бөлінген науқастардың жағдайлары біршама жақсы, олардың аурулары салмақты болмағандықтан қалыпты дене әрекетін жасауына да болады. Мұнда коронавирус жұқтырған 200-ге жуық науқас бар. Науқастарға медициналық оқшауланудан, емдеуден басқа, психологиялық көмек пен сенімді арттырудың да маңызы зор. Сондықтан пациенттердің физикалық күш-жігерін шыңдау үшін осындай интерактивті мәдени іс-шара өткіздік. Мен қазақ халқының «Қара жорға» биін билеп шықтым. Бидің жұмсақ әрі әсем қимылын әдеттегіден сәл жылдам және шарт қимылдармен өзгертіп биледім. Бұлай билегенде адамның барлық буыны қозғалысқа түседі. Осылайша ерекше көрермендердің алдында, ең керемет сахнада, ең тамаша биді билегеніме өзім де қуаныштымын»,- дейді Бахаргүл.

Баһаргүлден «ауру тарап жатқан жердің алдыңғы шебінде жүрсіз, өзіңізге коронавирус жұқтырып алудан қорықпайсыз ба?», – деп сұраған тілші.

Бұған Баһаргүл «Мен қарапайым адам ретінде шындығында өз денсаулығымнан алаңдаймын, бірақ дәрігер тұрғысынан белгісіз дерттің Ухань халқына одан сайын кең көлемде таралуынан қорқамын. Коронавирус - адамзаттың ортақ жауы. Сондықтан онымен күресіп ауруды жеңуіміз керек», - деп жауап берген.

Баян-Өлгей аймағында коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікті тіркелді - kaznews.mn

Баян-Өлгей аймағының ауруханасына дене қызуы бар адам түсіп, ол коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханада оқшауланып, бақылауға алынған. Бұл туралы Аймақтық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы С.Айгүл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Аталған күдікті азамат 2020 жылы 10 қаңтар күні Қытай Халық Республикасына барып, 6 ақпанда Моңғолияға қайтқан. Қобда аймағы арқылы кеше түнгі сағат 21:00 кезінде Баян-Өлгейге келген. Короновирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханада бақылауға алынған азаматтың қазіргі күні дене қызуы қалыпқа түскен. Осыған байланысты аймақтық Төтенше комиссия 2020 жылы 12 ақпан күні түнгі сағат 03:00 –те шұғыл шақырылып аймақта ерекше сақтық шараларын қолға алу туралы шешім қабылдаған»,- деп жазады KAZNEWS.

Дереккөздің мәліметінше, Баян-Өлгей аймағының төтенше комиссиясы коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінген адамның маңайында болған азаматтарды оқшаулап бақылауда ұстау, қаладағы орталық базарларды уақытша жабу, Мейрамхана, мешіттердің қызметін 2 наурызға дейін тоқтату секілді сақтық шараларын күшейту туралы шешім шығарған.

Әйтсе де соңғы деректерге қарағанда, Баян-Өлгей аймағының тұрғынынан коронавирус табылмаған. Бұған байланысты Баян-Өлгей аймағы әкімінің 2020 жылғы 14 ақпанда шығарған А/96 өкімі бойынша «Тірлік», «Ақдәм» базарлары қайта ашылған.


АҚШ Моңғолияның 3500 түрлі тауарына сауда жеңілдіктерін жасайды - kaznews.mn

Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп вице-министрі Сәуле Жәнімханқызы АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Сапар барысында ол АҚШ Сауда министрлігінің Сауда экономикалық саясат бөлімінің басшысы Эдвард Грессермен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Алан Терлимен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы сауда айналымын арттыру, жүн, түбіт және косметикалық өнімдерін сатуға қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы мен қарқынды мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөнінде мәселелер талқыланды»,- деп жазады kaznews.mn.

АҚШ тарабы Моңғолияның 3500 түрлі тауарына сауда жеңілдіктерін қолдану, аталмыш елдің озық техника, технологияларын енгізуді қолдаған. Екі елдің кәсіпкерлерінің өзара бизнес ортамен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар екені атап өтілген.


Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты кітабы түрік тіліне аударылды - TRT

Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті және Еуразия Жазушылар одағының ұйымдастыруымен белгілі түркітанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» (Bozkırın Ulu Ozanı Jambıl Jabayev) атты кітабының түрікше аудармасының тұсаукесері болып өтті, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Кечиөрен муниципалитетіне қарасты Неджип Фазыл Кысакүрек атындағы театр және конгресс кешенінде өткен кешке Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті басшысы Тургут Алтынок, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу, Кечиөрен Ұлттық білім беру басқармасының директоры Айхан Ышык, Түріксой Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Эко-Еуразия қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, депутаттар, дипломатиялық миссия өкілдері, қазақстандық жастар мен жергілікті халық қатысқан.

«Тұсаукесер бағдарламасында алғашқы сөз кезегін алған Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу Ұлы дала ақынының Кеңес одағы кезеңіндегі ақындық шеберлігімен тек қана қазақ даласына емес, бүкіл әлемге даңқы шыққан ақсақал екенін түсіндірді. Қоғамдық мәселелерді шешуге белсене қатысқан ұлы ақынның батырларды жігерлендірген шумақтарымен ұлтжандылығын ортаға қойғанын атап көрсетті. Ол Еуразия Жазушылар одағы шаңырағы астында құрылған күннен бастап қазақ әдебиетінің беделді ақын-жазушылары қалам тартқан 100-ден астам өлең мен хикаяның «Кардеш калемлер» (Бауырлас қаламдар) атты журналда жарық көргенін және 40-тан астам қазақ әдебиеті туындысының түрік тіліне кітап болып аударылғанын айтты», -деп жазады TRT.

Сондай-ақ, кеш барысында Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің оқытушысы доцент Джемиле Кынаджы Сүйінбайдың мұрагері Жамбылдың айтыс өнерін, ол өмір сүрген дәуірде халықтың руханиятын байытқан өлеңдерінің рөлі туралы баяндама жасаған.

«Кештің соңында профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты еңбегін түрік тіліне аударған Еуразия Жазушылар одағы атқару кеңесінің мүшесі, әдебиеттанушы Уфук Тузман қазақ әдебиетінің сан-алуан рухани азығының түрік халықтары арасында әлі де толық зерттеліп, аударылмағанын және қазақ ауыз әдебиетінің байлығының зерттелу керектігін түсіндірді. «Жамбыл Жабаев - Ұлы дала ақыны» атты еңбектің қазақ халқының айтыс пен жыраулық дәстүрінің қысқаша тарихы мен Жамбылдың өміріне шолу екенін баяндаған Тузман шығарманы оқырмандарға ұсынды», - деп жазады TRT.


Қазақстан мен Өзбекстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ынтымақтастық жасайды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған делегация кездесу өткізді. Онда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және осы салада екіжақтық ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Кездесуде Өзбекстандағы құрылып жатқан АЭС жобасының іске асырылуы жайлы және мемлекеттік ядролық-энергетикалық бағдарламаның жүзеге асырылуы мен ядролық инфрақұрылымды құру саласындағы халықаралық-құқықтық құжаттардың орындалуы туралы ақпарат айтылып, алдағы уақытта МАГАТЭ-нің талаптарына сай Өзбекстанмен көрші елдер, соның ішінде Қазақстан аумағында Өзбекстанның АЭС нысандарының жұмысына және олардан пайдалануға қатысты қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтуі күтілуде. Қазақстан тарапы көрші мемлекеттің атом энергиясы бойынша қабылдаған шараларына оң баға беріп, алдағы уақытта атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ынтымақтастық жасауды ұсынды. Кездесу қорытындысында осы бағытта бірлескен жұмыс жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Еске сала кетейік, Өзбекстандағы АЭС Жызақ облысының Тұзкен көлі маңында салынуда.


Абай жылы Анкарада бастау алды - TRT

Анкарада қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, қоғам қайраткері, дана Абайдың 175 жылдығына арнап үлкен концерт ұйымдастырылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің қолдауымен өткен концерт арқылы Түркияда Абай жылы ашылды. Түрік әлемінен келген әншілер мен ТР Президенттік симфония оркестрінің Анкара төріндегі ортақ концертіне жиналған қауым залды лық толтырды. Беташар сөзінде Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай жөнінде өткізілетін әрбір шараның ұлы дананы одан әрі жақсы түсінуге септігін тигізетінін айтты. Өз кезегінде Еуразия Жазушылар одағы төрағасы Якуп Өмероғлу болса, «Абайдың сөздері - бүгінгі қазақ ұлты үшін, түркі әлемі үшін жол көрсетуші. Абай әлемі - түркі әлемі деген сөз. 2020 Абай жылы құтты болсын. Абайды таныған сайын қазақ ұлтын тани түсінеміз», деді.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, қазақстандық атақты дирижер Ерболат Ахмедьяров басқарған концертте Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Гагауыз елінің әншілері Түркия Республикасының Президенттік Симфония оркестрінің сүйемелдеуімен Абай әндерін шырқаған.

«Әзербайжандық сопрано Элеонора Мустафаева «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамылжыта орындаса, түріктің теноры Левент Гүндіз «Айттым сәлем, Қаламқасты» шырқады. Әзербайжанның әншісі Ильхам Назаров «Жарқ етпес қара көңілімді» орындап, Өзбекстаннан келген Феруза Юсупова «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін майын тамызып шырқады. Қазақстандық әншілер Зарина Алтынбаева, Талғат Мұсабаев, Клара Түленбаева, Шахимардан Абилов та ұлы ақынның керемет сазгерлігін паш ететін әндерін Анкара төрінде әуелетті. «Түрік әлемі – Абай әлемі» атты концерт соңында әншілер оркестрдің сүйемелдеуімен Абайдың «Көзімнің қарасын» бірге шырқады», -деп жазады TRT.


Әлішер Науаидің туғанына 579 жыл - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Түркі жұртының ұлы ақыны Һәм шығыстың ойшыл данышпаны боп өмір кешіп, ғұмырының көп бөлігін әдебиетпен мәдениетке арнаған Әлішер Науаидің туғанына 9 ақпан күні 579 жыл толды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Осыған орай Ташкентте әдебиет әлеміндегі шығыстық менталитетті әлемге паш еткен шайырды еске алу мерекелік шарасы ұйымдастырылған.



Соңғы жаңалықтар