Қарағанды мен Теміртау қалалары орталық газ желісіне қосылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының тұрғындары Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Орталықтандырылған газға алғашқы болып Қарағанды мен Теміртау қалалары қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Бүгінгі менің қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Көмір тасу, күл шығарудың азабы қандай екенін көп адам біле бермейді. Қазір ауыр жұмысқа шамам да келмейді. Енді көмір тасып, азаптанудың қажеті жоқ. Қосып қойып, арасында бақылап тұрамын. «ҚазТрансГаз» қызметкерлеріне алғысым шексіз, - дейді Вячеслав Бражников.

Вячеслав Бражниковтың үйіне газ арқылы жылытуға қажетті барлық техника орнатылған. Тіпті иіс тиудің алдын алатын қауіпсіздік құрылғысы да бар.

Қазіргі таңда Теміртау қаласы бойынша 500-ге жуық үй газға қосылуға дайын. 2025 жылға қарай қаладағы 5 мыңға тарта тұрғын үйге орталықтандырылған газ тартылады.

Сондай-ақ алдағы таңда өңірдегі ірі кәсіпорындарды да біртіндеп газға қосу жұмыстары жүргізілмек.

Бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемін азайтып, экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы Қарағанды қаласында екі қосу кешені іске қосылып, 64 шақырымнан астам газ құбыры салынды.

Жобаның бірінші кезеңінде 3 мыңға жуық үйді газдандыруға мүмкіндік берсе, алдағы уақытта тағы 13 мыңға жуық тұтынушы көгілдір отынға қол жеткізеді.

– Үш жыл бұрын «Сарыарқа» газ құбырын салу жобасы басталған болатын. Магистральдық желілерді тарту өткен жылы аяқталды. Биыл үйлерге тарату желілері жүргізіліп, жұмыстар сәтті аяқталды. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Еліміздің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен бүгінгі шараны үлкен жетістік деп санаймын,– деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағандыдағы газдың келуін қала тұрғындары зор қуанышпен қарсы алды.

Әсіресе, Михайлов шағын ауданында тұратын Жеңісбек есімді қарттың қуанышы ерекше.

– Біз үшін бүгін армандардың орындалған күні. Өзім жер үйде тұрғандықтан от жағудың қиындығын бір кісідей білемін. Газ бен көмір арасындағы айырмашылықты да білесіздер. Көмірдің шаңымен үнемі дем алу ағзаға зиянды. Барлық қала тұрғындарын бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Осы іске бастамашыл болған адамдарға алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны Жеңісбек Сүйіндікұлы.

Қарағанды облысының ірі үш қаласында газ құбырларын тарту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нысандар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқаруына берілді. Оның міндеттеріне газды тарату ,тасымалдау кіреді. Алдағы күндері Жезқазған қаласындағы үйлер газға қосылады деп жоспарлануда.

Мереке қарсаңында Елбасының еңбек жолы басталған – Теміртау қаласында Тұңғыш Президент күнін ерекше атап өтілді.

Осыған орай металлургтер қаласында көптеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін Достық үйі ашылды.

Жаңа әлеуметтік нысанды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аралап, қоғам белсенділерін қоныс тойымен құттықтады.

Кәсіптік-техникалық училищенің бос тұрған ғимараты қайт түлеп, «Достық үйіне» айналды.

Ғимаратта этномәдени бірлестіктер, ҮЕҰ, жастар және еріктілер ұйымдарына арналған 57 кабинет жабдықталған.

Тіпті шығармашылық жастар үшін арнайы медиа студиясы да бар.

Сондай-ақ мұнда түрлі ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп, жетілдіре алатын тіл клубы жұмыс істейді.

Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында медиация кабинеттерін ашу жоспарлануда.

Игі шаралардың соңы Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында салтанатты іс-шарамен жалғасын тапты.

Шараға Елбасының еңбек жолындағы әріптестері мен Тәуелсіздіктің құрдастары қатысты.

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қорытындылай келе, біздің еліміз Тұңғыш Президенттің басшылығымен жаһандық тарих үшін қысқа мерзім ішінде кономикалық, саяси және мәдени серпіліс жасағанын айқын көруге болады. Жоспарлы құрылған қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында аймағымызда жаңа технологияларды қолдана отырып, 100-ге жуық ірі жаңа кәсіпорындар пайда болды. Шикізат өңірінен біз дамыған кәсіпкерлік кластерге дейін өстік. Бүгінде облыстың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнеске тартылған, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек өз сөзінде.

Аймақ басшысы шараға қатысқан Елбасының еңбек жолындағы әріптестеріне алғысын білдірді.

Ал Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге жұмыс істеген ардагерлер тұңғыш президенттің жастық шағы мен Теміртауға сапарлары туралы естеліктерімен бөлісті.

Ал жастық жалыны басыла қоймаған Тәуелсіздік құрдастары өздерінің әртүрлі салалардағы жетістіктері туралы айтып берді.


Соңғы жаңалықтар