Қарағанды облысы: Барлық кәсіпорын күшейтілген санитарлық режимге көшті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтың ірі кәсіпорындарының басшыларымен онлайн-кеңес өткізді. Тақырыбы – санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау және өндірісте COVID-19 таралуының алдын алу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрқазған» кенішінің қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясының өршуі аймақ билігінің алаңдаушылығын тудырды.

«Кеніштегі жағдай санаулы күн ішінде бүкіл облыстағы ахуалды өршітіп жібергенін көріп отырсыздар. Қазір кеніш жұмысы тоқтатылды. Бірақ бізде жұмысын тоқтатуға болмайтын кәсіпорындар бар. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалау керек. Денсаулық сақтау басқармасы мен бас санитарлық дәрігер беретін ұсыныстарды ескеру қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.

Айта кетсек, Қарағанды облысының барлық кәсіпорындары күшейтілген санитарлық тәртіпке көшті. Жұмысшылар маскалармен және қолғаптармен қамтамасыз етілуде, ғимараттар антисептикалық ерітінділермен өңделіп, жеке заттарға арналған шкафтар кемінде бір жарым метр арақашықтықта орналастырылуда.

Зауыттарда асханалардың жұмысы да өзгерді. Кезек қалыптастырмау үшін олардың кейбірінде өз-өзіне қызмет көрсету режимі алынып тасталды. Кейбір мекемелерде асханадағы түскі ас ланчбокспен алмастырылды.

Өңірдің барлық кәсіпорнында кезекшілік басталар алдында барлық жұмысшының температурасы өлшенеді. Бұл талаптар мердігерлерге де қатысты. Мысалы, «ГРЭС-Топар» ЖШС-да COVID-19 инфекциясына ПТР-анализ тапсыру талап етіледі.

«Резервтік жоспар ретінде казармалық режимге көшуді қарастырамыз. Жұмысты бізге ешбір жағдайда тоқтатуға болмайды. Сондықтан, қажет болған жағдайда, қызметкерлер жұмыстан соң үйлеріне қайтпай, арнайы қарастырылған үй-жайларға орналастырылады. Мұндай шаралар инфекцияның таралуын тоқтатуға және байланысқа түсушілер санын қысқартуға көмектеседі», - деп хабарлады «ГРЭС Топар» ЖШС директоры Евгений Никитин.

Кәсіпорын басшылары өз мамандарын КВИ-ға тестілеуден өткізуге ерекше мән беріп отыр. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ПТР-талдау жүргізу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты.

«Қазір біз үшін ерекше мәселе – қызметкерлердің жұмыс орындарына келуін, олардың шахтаға кетуін және түсуін бақылау. Атап айтқанда, бұл – әлеуметтік қашықтықты сақтау, маскалық режим, көлік пен үй-жайларды дезинфекциялау. Мұның бәрі бізде сақталады, бірақ қызметкерлерге үнемі бақылау мен нұсқау жасап отыру қажет», - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз.

Жеңіс Қасымбек кәсіпорындарда коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуды ерекше мұқият жүргізуді, сондай-ақ ауру қайталанған жағдайға жұмыс жоспарын ойластыруды тапсырды. Мамандардың болжамынша, індеттің екінші толқыны биылғы қыркүйек-қазан айларында болуы мүмкін.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевқа Міндетті медициналық сақтандыру қорынан қала құраушы кәсіпорындардың қызметкерлері үшін COVID-19 скринингтерін қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар