Қарағанды облысына бір күнде қардың 2 айлық мөлшері жауды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 2 ақпан мен 1 наурыз аралығында жолдарда табиғи апаттан 129 адам құтқарылып, жылыту бекеттеріне 243 адам орналастырылды.

Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Апта бойы облысымыздың солтүстік бөлігінде ауа-райы қолайсыз болды, қыстың соңғы күні қардың 2 айлық мөлшері жауды. Қазір барлық қызметтер жолдарды тазалауға жұмылдырылды. Жол және коммуналдық қызметтер, ТЖД құтқарушылары күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте мен сіздердің хабарламаларыңызды оқып, тиісті жұмыстардың жедел атқарылуына баса назар аударамын. Тек облыс орталығында ғана 300 - ден астам арнайы техника жұмыс атқаруда. Бірінші кезекте жолаушылар көлігі жүретін жолдар, аялдама павильондары, одан әрі аулалардың кіре берістері мен тротуарлар тазаланады»,-деп жазды Қарағанды облысының әкімі.

Сондай-ақ оның жазуынша, облыс жолдарында 24 мердігерлік ұйым, 230 арнайы жол техникасы жұмыс істейді. Жалпы ұзындығы 705 км болатын 590 қар басу қауіпі жоғары учаскелер ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ, тәулік бойы қалалар мен аудандардың, оның ішінде ауылдық елді мекендердің әкімдерімен өңірлердегі ағымдағы жағдай туралы жедел ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Осы ретте қалыптасқан күрделі жағдайда алға қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып, адамдарға көмек көрсетіп жатқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін!»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар