Қарағанды облысында 2 тамыздан бастап қосымша шектеулер енгізіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қарағанды облысында бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Аталған құжатқа сәйкес Ashyq бағдарламасына қатысатын нысандар ғана өз қызметін жалғастыра алады. Алайда, демалыс күндері Ashyq болған жағдайда да олардың көпшілігі жұмыс істемейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған ағымдағы жылғы 27 шілдедегі шешімге сәйкес Қарағанды облысының тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында бүгін бұрын қолданыста болған қаулыға өзгерістер енгізу туралы Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №28 қаулысы шығарылды.

Осы қаулымен 2021 жылғы 2 тамыздан бастап іске асырылатын қосымша шектеу шаралары енгізілді, атап айтқанда орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, Денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, «Ashyq» бағдарламасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі меншік нысанына қарамастан тоқтатылады.

Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жекелеген қызмет түрлері бар бизнес-орталықтар үшін «Ashyq»-тан тыс қызметке жол беріледі.

«ASHYQ» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің «қызыл аймақ» режимі бойынша шектеулерін іске асыру және жұмысына рұқсат беру осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жүргізіледі, бұл ретте «ASHYQ» қосымшасының көшбасшыларына жұмыс режимі 22.00 сағатқа дейін ұлғайтылады, ал «ASHYQ» режимін бұзған бизнес субъектілері ескертусіз 1 ай мерзімге алып тасталады.

«Ashyq» қосымшасын пайдаланған кезде келесі объектілерге демалыс (сенбі және жексенбі) күндері қызметін тоқтата отырып, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі:

- моншалар, сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер, фитнес-клубтар, фитнес-орталықтар, соның ішінде йога-орталықтар, театрлар, концерт залдары, филармониялар, кинотеатрлар;

- нысан іштерінде орналасқан дәріханалар, супермаркеттер және азық-түлік павильондарын қоспағанда, сауда орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес тауарларды өткізетін сауда желілері, көтерме-тарату орталықтары, Сауда-фермер орталықтары (осы объектілерде вакцинация пункттерінің орналастырылуына қарамастан);

- көлемі 1000 шаршы метрден 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер (жеке тұрған).

Бұл ретте, цирктер, бильярд бөлмелері, боулингтер толымдылығы 30%-дан аспай, жұмыс режимі сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін, демалыс күндері (сенбі және жексенбі) қызметін тоқтата отырып жұмыс істейді, ал PlayStation клубтарын қоса алғанда, компьютерлік клубтарға 12 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдар ғана жіберіледі.

«Ashyq» жоқ спорт кешендері мен спорт ұйымдарының қызметіне тыйым салынады, «Ashyq» бағдарламасын пайдаланған кезде сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі, ал толық курс алған барлық қызметкерлер мен спортшыларды 100% вакцинациялаған жағдайда сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Бұл ретте, қоғамдық тамақтану объектілеріне (үй-жайда), оның ішінде мейрамхана, кафе және кофеханалар типі бойынша; сондай-ақ жазғы алаңдарға, стрит-фудтарға (жеке тұрған шатыр/дүңгіршек және т.б.), фуд-корттарға тек «Ashyq» -сыз тамақты шығару және жеткізу үшін жұмыс істеуге рұқсат етіледі, ал«Ashyq» пайдаланған кезде демалыс күндері қызметін тоқтата тұрып, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Бұдан басқа, «Ashyq» жоқта банктер, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары тек «онлайн» форматта жұмыс істейді, «Ashyq» пайдалану кезінде демалыс күндері қызметін тоқтата отырып 9.00-ден бастап сағат 18.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Азық-түліктік және азық-түлік емес жабық және ашық базарлардың қызметіне тыйым салынады, «Ashyq»-ты пайдалану кезінде демалыс күндері қызметін тоқтата тұрып, сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдарға, сондай-ақ:

- ауданы 2000 және одан да көп ш. м. азық-түлік емес дүкендердің (жеке тұрған) жұмысына,

- түнгі және ойын клубтары,

- аквапарктар, оның ішінде оларда орналасқан бассейндер,

- жағажайлар, соның ішінде рұқсат етілмеген,

- аттракциондар, соның ішінде ашық ауада,

- көрмелер, соның ішінде ашық ауада,

- көрермендермен спорттық іс-шаралар, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде ашық ауада өткізу («онлайн форматты» қоспағанда),

- ойын-сауық, бұқаралық, салтанатты, отбасылық, еске алу іс-шараларын, оның ішінде конференциялар, форумдар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т. б. өткізуге салынған тыйым әлі де сақталады.

Сондай-ақ, демалыс күндері қалаішілік тұрақты маршруттық автобустардың, шағын автобустардың қозғалысы әлі де тоқталып отыр.

Қаулы 2 тамыз күні сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар