Қарағанды облысында 7 мыңға жуық адам волонтерлікпен айналысады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында волонтерлікті дамытудың Жол картасы қабылданды. Облыстық әкімдікте өткен онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте қоғамдық қозғалысты қолдау туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда өңірде 97 волонтерлік ұйым мен топ жұмыс істейді. Оларға шамамен 7 мың тұрғын кіреді. Көбінесе жастар. Жұмыстың негізгі бағыттары қайырымдылық және әлеуметтік волонтерлік болып табылады. Сондай-ақ, экология және жануарларды қорғау саласындағы бастамалар белсенді дамуда», – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Волонтерлердің фронт-кеңсесі облыстың жастар ресурстық орталығының жанында жұмыс істейді. Ол еріктілер қозғалысын үйлестіреді және ресурстық қолдау көрсетеді. Барлық қалалар мен аудандарда еріктілер штабы бар. Сонымен қатар, облыста Qoldau еріктілер орталығы жұмыс істейді. Коворкинг-орталықтар волонтерлік топтардың жиналатын орнына айналды.

Басқарма басшысы волонтерлікті дамытудың 2021–2023 жылдарға арналған Жол картасы туралы айтып берді. Волонтерлік ұйымдарға гранттар беру жоспарлануда. Олардың қызметі үшін тегін бөлмелер бөлінеді. Бизнес-қоғамдастықтың қолдауымен корпоративтік волонтерлікті дамыту көзделіп отыр.

Онлайн режимінде тренингтер ұйымдастырылады.

Елімізде волонтерлік жылы деп жарияланған 2020 жыл қозғалыстың дамуына серпін берді, деп атап өтті Біржан Әлімжанов. Оның айтуынша, бір жыл ішінде облыста 1 500-ден астам еріктілер акциясы өткізілді. Ал биыл «Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға 23 тонна азық-түлік, сондай-ақ жеке қорғаныш құралдары таратылды.

Еріктілер Birgemiz: Saýlyq, Bilim, Taza Álem және т. б. жобаларға қатысады.

Қарағанды медицина университетінің студенті Дарын Әбілжанов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының жеңімпазы, ол волонтер-медиктер мектебін ашты. Мыңға жуық адам медициналық көмек көрсетуге және науқастарды күту ережелеріне оқытылды.

Еріктілер қозғалысының жаңалықтарын Jasprokrg_chat телеграм-арнасынан білуге

болады.

«Волонтерлік азаматтық қоғамды дамытуда ерекше орын алады. Облыста белсенді еріктілер саны өсуде. Жол картасын іске асыруға ерекше назар аудару қажет. Біз волонтерлік бастамаларға қажетті қолдау көрсетеміз», – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы волонтерлік ұйымдарға тегін орын-жай беру мәселесін шешуді тапсырды. Ол Birgemiz бағыты бойынша жобаларды кеңейту қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар