Қарағанды облысында адам көп жиналатын орындарда дезинфекциялау қайта басталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 16 қазаннан бастап әлеуметтік маңызы бар нысандар мен адамдар көп жиналатын орындарды дезинфекциялау жұмыстары қайта жүргізіліп жатыр. Аялдама павильондары, балалар және спорт алаңдары, мектеп аумақтары, шағын және орта бизнес нысандарының, көп пәтерлі үйлердің кіреберістері мен аулалары және т. б. өңделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні Бұқар жырау ауданда жалпы ауданы 16 200 шаршы метр 58 нысан дезинфекцияланды. Мұндай іс-шаралар Бұқар жырау ауданының барлық елді мекендерінде аптасына 2-3 рет эпидемиялық маусым кезеңінде тұрақты негізде өткізілетін болады.

Жаңаарқа ауданында да дезинфекциялық жұмыстар қайта жанданды. Атап айтқанда, Қаражалда көшелер, сауда және қызмет көрсету нысандары, балалар ойын және спорт алаңдары және адамдар көп жиналатын басқа да орындар өңделеді. Бұл жұмыспен қала еріктілері айналысады.

Дезинфекция арқалап жүретін бүріккішпен шашылады. Өңдеу үшін қолданылатын ерітінді адам мен үй жануары үшін қауіпсіз.

Теміртау қаласының әкімдігі де коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін ауқымды дезинфекциялау науқанын бастады.


17 қазанда сағат 15.00-де дезинфекциялаушы ерітіндімен «Металлург» спорт кешені аумағындағы балалар алаңы мен спорт құрылыстары, Металлургтер даңғылындағы балалар алаңы мен ойын алаңы, Мәдениет сарайының алаңы, Металлургтер монументі жанындағы алаң, балалар ауылы ауданындағы балалар алаңы өңделді.


Сондай-ақ, Теміртау әкімі Қайрат Бегімов қала автопарктеріне автобус салонын санитарлық өңдеуді күшейтуді тапсырды. Қоғамдық көлік жүргізушілерін жеке қорғаныс құралы және антисептикпен қамтамасыз ету қажет. Автопарк қызметкерлері мен жолаушылардың бетперде режимін сақтауын бақылау тапсырылды.


«Жолға шығар алдында жүргізушілерге және автопарктің қызмет көрсетуші персоналына қатаң медициналық бақылау жасалуы тиіс. Сондай-ақ, қоғамдық көлік жолаушысының бетперде режимін сақтауын назардан тыс қалдыруға болмайды», - деп атап өтті Қайрат Бегімов.


Соңғы жаңалықтар