Қарағанды облысында Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына арналған құрылтай өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында қазақ тілі білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың алғашқысы Қарағанды қаласында өткен «Алаштың Ахметі» құрылтайы болды. Шараға мектеп басшылары, педагогтер, ахметтанушылар мен алаштанушылар қатысты. Онлайн-режимде облыстың 500-ден астам мұғалімі қосылды.

Құрылтайда Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі туралы еңбектер таныстырылды. Кейіннен олар білім беру ұйымдарындағы сабақтарда пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ қоғам қайраткері, саяси публицист, түркітанушы және ақынның мерейтойына арналған алдағы іс-шаралар талқыланды. Олардың арасында қыздар мен ұлдар арасында баскетболдан жарыс, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдерін оқу, «Ахмет бізбен!» онлайн-викторина және қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің съезі жоспарланған.

«Мамыр айында Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептердің бірі ақынның туған жеріне экспедиция ұйымдастырады – бұл Қостанай облысындағы Ақкөл ауылы. 14 сәуірде Қарағанды қаласының білім бөлімі Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық мұрасы тақырыбында форум өткізеді. Оған Қостанай облысынан қонақтар шақырылды», - деді Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Бақытгүл Әбдікерова.

Қазақ ақыны мен ағартушысының өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында Білім басқармасы Ахмет Байтұрсыновтың есімімен аталатын облыстағы 5 мектеппен альянс құрды. Олар жыл соңына дейін түрлі бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Ал желтоқсан айында ғылыми-практикалық конференцияда қорытынды жасалады.


Соңғы жаңалықтар