Қарағанды облысында ауылдарды дамыту бойынша 17 жоба жүзеге асырылмақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 2021 жылы тоғыз ауылда 17 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобалар аясында фельдшерлік-акушерлік пункттер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сумен жабдықтау желілері мен жолдар салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында ауылдық жерлерде 276 мыңға жуық адам тұрады. Оларға лайықты өмір сүру деңгейін қалай қамтамасыз ету керек және қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қалай азайтуға болады – бұл туралы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды.

«Қарағанды облысында 419 ауылдық елді мекен бар. 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы ауылдағы өмір сапасын жақсарту құралдарының бірі болып табылады. Екі жыл ішінде 6,6 млрд теңгеге 73 жоба орындалды. Бұл әлеуметтік нысандарды, жолдарды, сумен және электр қуатымен жабдықтау желілерін жөндеу, аулаларды, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру жұмыстары. Жоба 65 мың адам тұратын 16 тірек ауылдық елді мекенді қамтыды. 2021 жылы тоғыз ауылдық елді мекенде 17 жобаны іске асыру жоспарлануда. Фельдшерлік-акушерлік пункттер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуға, жолдарды жөндеуге баса назар аударылды», - деді Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Мысалы, Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайда болады, ал Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылының тұрғындары жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бұқаралық спортпен шұғылдана алады. Бес кент пен ауылдардағы жолдар жөнделеді: Ағадыр, Егіндібұлақ, Молодежный, Топар және Қарабаста. Ақадыр кентінде кәріз желілері мен резервтік су құбыры салынады.

Кеңесте хабарлағандай, 2020 жылы ауылдық жерлерде 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.

Осы жылы электр қуатымен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін 212 км электр желілері мен 15 қосалқы станцияны жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Жұмыстар Қарқаралы, Ұлытау, Ақтоғай, Жаңаарқа, Шет аудандарында жүргізілетін болады. Инвестициялық бағдарламалар аясында «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Жез.ӨЭК», «КРЭК» ЖШС, ҚДБ және «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС ПЭС-і шамамен 11,2 млрд теңге қарастырды.

2021 жылы сумен жабдықтауды іске асыру бойынша 14 жобаға қаражат бөлінді. Бұқар Жырау ауданында алты ауылда: Асыл, Жаңаталап, Қушоқы, Сарытөбе, Қызылжар, Шешенқарада су құбырлары салынып, жұмыс істеп тұрғандары қайта жаңғыртылады. Сумен жабдықтау саласындағы жобалар Абай, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарында да іске асырылады. Жыл қорытындысы бойынша облыста ауыл тұрғындары үшін ауыз сумен қамтамасыз ету 90%-ға дейін көтерілмек.

Биыл облыс бойынша 190 шақырым аудандық, қалаішілік және кентішілік жолдарды жөндеу жоспарлануда. Абай, Ақтоғай, Жаңаарқа және Шет аудандарында 18 ауылдың жолдарын ретке келтіруге уәде беріліп отыр.

Әлеуметтік қолдауды «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша жұмысқа келген жас мамандар алады. Бұл тек дәрігерлер мен мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар АӨК қызметкерлері, ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері. Биылғы жылы 233 адамға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер, 402 адамға көтерме несиелер көзделген.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл кәсіпкерлігі дамуда, деп атап өтілді кеңесте. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, облыста 37 мыңға жуық ауыл тұрғыны бизнеспен айналысады. Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылда 433 жобаны жеңілдікпен шағын несиемен қолдауға қаражат бөлінді. Ауылдық жерлерде бизнес-идеяларды іске асыруға 533 грант беру жоспарлануда.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша мақұлданған жобалардың басым бөлігі ауылдық бизнеске тиесілі. Бизнестің жол картасы - 2025 бойынша ауылдық өңірлерде 58 жоба мақұлданды.

Ауыл шаруашылығына салынатын инвестициялар өсті. Өткен жылы салаға 25,9 млрд теңге, ал 2021 жылдың басынан бастап 7 млрд теңге бағытталды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандар саны 22%-ға өсті. Алдағы бес жылда АӨК-де бес мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 56 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл 11 жоба іске қосылады деп күтілуде.

«Біздің міндетіміз – табысты арттырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру. Ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіру қажет – бұл жергілікті биліктің жұмысы. Басым бағыттар: ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту, жолдарды жөндеу, ТКШ сапалы қызметтері, қолжетімді және сапалы медицина, білім беру, тұрғын үй құрылысы, мәдениетті сақтау және дамыту болып табылады. Біздің барлық ауылдар мен кенттерде лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау қажет», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар