Қарағанды облысында автоволонтерлер пайда болды

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат –Қарағанды облысының Балқаш қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге бағытталған «Автоволонтерлер» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз адамдарға көмек көрсетуге ниет білдірген автокөлік иелеріне үндеу жолдадық. Айына бір рет жүріп-тұруы қиын адамды дүкенге, ауруханаға, дәріханаға немесе басқа да істер бойынша алып бару – көп уақыт пен күш талап етпейді. Ал ол адамдар үшін әлдебір қайырымды іс болады», – дейді Балқаш қаласы әкімінің мүмкіндігі шектеулі адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Мейірім Орынбаев.

Оның айтуынша, үш күннің ішінде жобаға қатысу үндеуіне 30-ға жуық адам тіл қатты. Еріктілерді тарту жалғасуда. Волонтерлік сапарларды іске асыру осы айда басталады.

Көмекке мұқтаж азаматтардың өтініштері диспетчер арқылы қабылданады.

«Диспетчер болып бірінші топтағы мүгедек азамат жұмыс істейді. Егер бұл жоба жақсы дамитын болса, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі пайда болады», – деп атап өтті Мейірім Орынбаев.

Қозғалыс бастамашылары @avtovolonteri_balkhash Instagram парақшасын ашты.

Олармен келесі телефондар арқылы байланысуға болады: (+7-71036) 5-27-35, 8-775-174-15-48.


Соңғы жаңалықтар