Қарағанды облысында биыл 700-ден астам көпбалалы отбасы баспаналы болады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысында қанша жаңа пәтер салынады және тұрғын үй кезегі қалай жылжиды ? Бүгін селекторлық режимде өткен аппараттық жиналыс барысында осы бағыттағы жоспарларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші тоқсанда 7% өсіммен 130,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қарқын сақталуы тиіс. Жыл соңына дейін облыста 630 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр - бұл шамамен 5 600 пәтер. Бұның 1 210 пәтері тұрмысы төмен отбасыларға арналған баспаналар»,- деп хабарлады Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов.

«1 сәуірге дейінгі мәліметтерге сай тұрғын үй кезегінде 1 919 көпбалалы отбасы тұр. Осы санат үшін пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Биыл 732 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, бұл кезекті қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Тайхан Қалмаханов.

Ол сондай-ақ несиелік тұрғын үй жоспары туралы айтты. Осы бағыт бойынша облыста жыл соңына қарай жалпы ауданы 55,5 мың шаршы метр 926 пәтер пайдалануға берілуі тиіс.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеуді, әсіресе оның сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.

«Тұрғын үй кезегін қысқарту қажет, халықтың барлық санаттары үшін қолжетімді баспана салу керек. Сапалы көлік қатынасы мен азаматтардың өмір сүру жайлылығын жақсарту үшін жақсы жолдар қажет», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар