Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталды. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі бір гектардан 10,5 центнерді құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандының шаруалары 647,7 мың тонна бидай жинады. Картоптың өнімі 270 мың тоннаға жетіп, 42 тоннаға жуық көкөніс жиналды.

Егін жинау қорытындысы туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста мәлімделді.

Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгені атап өтілді. Тағы екі мың тонна солярка астық кептіруге беріледі.

Күзгі егіс жұмыстары жалғасуда. Қазір сүдігер жырту басталды.

«Астықтың резервтік қорын қалыптастыру, ішкі нарықта тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰКАҚ сапалы көрсеткіштеріне байланысты 3-ші класты бидайдың тоннасын 70-тен 76 мың теңгеге дейін бағаға (ҚҚС-ты ескере отырып) сатып алатынын жариялады. Облыстан 54,3 мың тонна бидай тапсыру жоспарлануда. Қазір бұл көлем өндірушілер арасында бөлінеді», - деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов.

Жиналыста мәлімделгендей, нанның бағасын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорына 100 тонна ұн сатып алынған. Қосымша тағы 400 тонна сатып алу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек баға мәселесін бақылауды тапсырды.

«Жыл сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі басталады. Адамдар өнімдер қорын қалыпты бағамен толықтырып алулары үшін қала тұрғындарын уақтылы ақпараттандырыңыздар», - деді аймақ басшысы.

Қарағандыда «Ауыл-Береке 2019» жәрмеңкесінің маусымы 19 қазанда басталады. Жергілікті өнім өндірушілердің тауарлары бар сауда шатырлары Олимпийская көшесіндегі алаңда («Шахтер» стадионының артында) орнатылады.

Осындай жәрмеңкелер серіктес қалалар мен аудан орталықтарында да өткізіледі. Олар халық арасында танымал. Адамдар ет пен көкөністерді нарықтық құннан 15-20% төмен бағамен сатып алуға тырысады.

Өнімдер тапшылығы болмайды. Осы маусымда ауылдықтар 1800 тоннадан астам өз өнімдерін сатуға дайын. Жәрмеңкеде 230 тоннадан астам ет, 1100 тоннадан астам картоп, 340 тонна көкөніс сату жоспарлануда.

Жыл басынан бері облыста 625 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, онда 6000 тонна өнім сатылды.

Соңғы жаңалықтар