Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының елді мекендерінен 1.5 млн текше метр қар шығарылды. Бұл қардың көп бөлігі облыс орталығына тиесілі. Осы және басқа да іс-шаралар туралы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев аппараттық кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық биылғы жылдың қаңтар айының бірінші аптасында басталды. Жағдайды қардың ерекше қалың түсуі қиындатып отыр. Осы жылы ақ ұлпа нормадан төрт есе артық жауған.

«Су тасқынының қалыпты өтуі көп жағдайда инфрақұрылым мен су объектілерінің дайындығына байланысты болады. Облыс әкімдігінде аудандардағы бөлімшелермен жұмыс тобы құрылды. Ол күн сайын елді мекендердегі гидроқұрылыстар мен ахуалдың жағдайына мониторинг жүргізеді. Су қоймаларынан су ағызу режімін және толтыру нормаларын сақтауды ұйымдастыру қажет. Су өткізу құрылыстарының жай-күйіне ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ қауіп төнген жағдайда аймақтағы адамдарды құлақтандыру керек», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Төтенше жағдайлар департаментінде су тасқыны кезеңінде қажет болуы мүмкін техника саны нақтыланды. Олардың иелігінде өтімділігі жоғары вахта автобусы, батпақта жүре алатын көлік, қайық, мотопомпа және гидрокостюм бар.

Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша 25 ақпаннан бастап облыста су өткізу құбырлары тазартылады. 1 наурыздан бастап облыстың ірі өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Жарылыс жұмыстары 20 учаскеде өткізілуі тиіс.

Қауіпті аймақтарда орналасқан ауылдардың маңында жер су бөгейтін үйінді тұрғызылып, габиондарды нығайту жұмыстары басталды.

«Казгидромет» болжамы бойынша су тасқыны наурыздың үшінші онкүндігінде басталады деп күтілуде. Осы уақытта облыстың барлық аумағында ауа температурасы нөлден жоғары болады. Синоптиктердің айтуынша, наурыз айында ауа райы жылы және жауын-шашынсыз болады.


Соңғы жаңалықтар