Қарағанды облысында МӘМС жүйесінің пилоттық жобасы қалай іске асырылуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының медициналық мекемелерінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің пилоттық жобасы қалай іске асырылып жатқаны көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің пилоттық жобасын іске асыруға дайындау шеңберінде үлкен жұмыс атқарылды. Біріншіден, өңірдің денсаулық сақтау саласының басшылығы цифрландыруға үлкен көңіл бөлді. Облыста кешенді медициналық ақпараттық жүйе (ҚАЖК) жұмыс істейді. Меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдар Бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктірілген және республикалық ақпараттық жүйелермен интеграцияланған. Емханаларға тіркелген әрбір тұрғынға электрондық денсаулық паспорты жасалды. Өңірдегі 400 мыңнан астам адам «ДамуМед» мобильдік қосымшасын пайдаланады. Шалғайда орналасқан денсаулық нысандарын интернетпен толыққанды қамту мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде шешілетін болады.

Екінші бағыт - бұл сақтандыру медицинасының қажеттілігін ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру. МӘМС сақтандырылған азаматтарға диагностикалық, консультациялық және емдік қызметтердің кең спектріне қолжетімділікке кепілдік береді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды жаңғыртуды қажет етті. Өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін барынша пайдалана отырып, «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша қалалардың тығыз орналасқан аудандарында жаңа емханалар ашылды.

МӘМС жағдайында медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін маңызды фактор - денсаулық сақтау ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады. Жыл басында жалпы тәжірибедегі бір дәрігерге 2,5 мың адамнан келетін. Дәрігерлік учаскелерді ірілендіру және жұмысқа 250-ден астам жас дәрігерді тарту нәтижесінде бұл сан 1980-ге дейін азайды. Ағымдағы жылдың соңына қарай 1 дәрігердің жүктемесі 1890 адамға дейін төмендетіледі.

«Осындай мәселені Қарағанды қаласының №4 емханасының басшылығы қосымша филиал ашу арқылы шешті. Қазіргі уақытта бұл медициналық мекемеге 68 мыңнан астам адам тіркелген. Филиал ашылғаннан кейін жалпы тәжірибе дәрігерлеріне жүктеме әлдеқайда төмендейді», - деп атап өтті №4 емхананың директоры Салтанат Шайдарова.

Келесі бағыт – облыс тұрғындарының мәртебесін өзектендіру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты МӘМС жүйесіне тарту болып табылады.

2017 жылғы сәуірден бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған 390 мыңнан астам халықтың мәртебесі өзектілендірілді. Бүгінгі күні МӘМС жүйесінде 35 мың тұрғын мәртебесін анықтау міндеті тұр, бұл ересек халықтың 2% (1,8%) азын құрайды.

Әрбір тұрғынға сақтандыру медицинасының артықшылықтарын жеткізу үшін бүгінгі күні де жалғасып келе жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы тамыз айында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, Қарағанды облысындағы МӘМС жүйесі туралы тұрғындардың хабардар болу деңгейі ең жоғары болып саналады. Жүйе туралы жұмысшылардың 87,8%, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың 45% білетіні анықталды. Сондай-ақ, сауалнамаға сәйкес, халықтың 65% МӘМС енгізуге оң көзбен қарайды.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың шілдесінен бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз жұмысын бастады. Қордың негізгі міндеті – МӘМС үшін жарналар мен аударымдарды шоғырландыру, сондай-ақ қолданыстағы ТМККК шеңберінде медициналық қызмет көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға ақы төлеу.

Бүгінгі күні қорда айтарлықтай қаражат қоры жинақталған, олар 2020 жылдан бастап ТМККК және МӘМС-ке медициналық қызметтерді төлеуге бағытталатын болады.

2019 жылғы 31 қазандағы жағдай бойынша, түсімдердің жалпы сомасы шамамен 224 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 215 млрд теңге (96% – ға жуығы) жұмыс берушілердің аударымдарына және 8,8 млрд теңге (4%-ға жуығы) - азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен тұлғалардың салымдарына тиесілі. Өңірлер бөлінісінде ең көп сома Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды облысынан түседі.

МӘМС жүйесі Қазақстан бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар