Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жалғасуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өңірді алдағы 2021 жылғы су тасқынына дайындау мақсатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов ТЖД бастығы Мұрат Қатпановпен бірлесіп, Бұқар жырау ауданының Чкалово және Садовое ауылдарын аралады. Сондай-ақ олар Самарқанд су қоймасының гидроторабына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аралау барысында 2020 жылы жүргізілген инженерлік жұмыстар, қорғаныс біліктерінің жай-күйі, материалдық-техникалық құралдардың (ЖЖМ, қаптар, инертті материалдар) бар-жоғы тексерілді. Қар шығару, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстарының қорытындылары және 2021 жылы облыс халқын, аумағын және шаруашылық жүргізуші субъектілерін тасқын сулардан қорғау жөніндегі жоспардың басқа да іс-шаралары сараланды.

Бұқар жырау ауданында өткен 2020 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша үлкен көлемді жұмыс жүргізілді.

«Жастілек ауылында ұзындығы 400 метр, Петровка ауылында 55 метр қорғаныс білігі салынды. Сарытөбе ауылында ұзындығы 75 метр қолданыстағы білік нығайтылды. Ботақара кентінде ұзындығы 240 метр арық дайындау жұмыстары жүргізілді. Көкпекті ауылында ұзындығы 150 метр канал тереңдетілді. Новостройка ауылында ұзындығы 1500 метр қорғаныс білігі жасалды. Асыл ауылында ұзындығы 550 метр, Қаражал ауылында 150 метр білік салынды. Ғ. Мұстафиннің атындағы кентте ұзындығы 1100 метр каналды тазарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 2700 метр болатын арықтар тазартылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.

Ауданның дайындығын ағымдағы жылдың 4-5 наурыз аралығында «Көктем-2021» республикалық оқу-жаттығуын өткізу барысында тексеру жоспарлануда. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда.


Соңғы жаңалықтар