Қарағанды облысының әкімі Ақтоғай ауданындағы проблемалық нысандарды аралады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде болды. Осы елді мекеннің тұрғындарымен бірге проблемалық нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шашубайлықтар тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бойынша бірқатар мәселелерді көтерді, отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен басқа да әлеуметтік мекемелерді жөндеу сапасына наразылық білдірді.

«Кентте дәріхана, жайлы аялдама павильоны, балалар мен ересектердің демалуына арналған алаңдар жоқ. Балқашқа бару үшін үлкен автобус қажет. Сумен жабдықтау, кәріз мәселелері де шешілмеген», – деді жергілікті тұрғын Фарида Құрышева.

Сонымен қатар, Шашубай кентінің тұрғындары көп жыл бойы бос тұрған бес қабатты үйлердің жағдайы не болады деген мәселеге алаңдаушылық білдірді.

Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова кентте төрт бос үй бар екенін және оларды тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындар үшін қалпына келтіруге ниетті екенін айтты.

«Жалпы Шашубай сияқты кенттерді дамытудың кешенді жоспары қажет. Сізге барлық жауапты органдардың қатысуымен комиссия жіберемін», – деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда кент халқы үш мыңға жуық адамды құрайды.


Соңғы жаңалықтар