Қарағанды облысының басшысы қар жинайтын техника санын арттыруды тапсырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындардың жолдарды қардан тазартуға байланысты шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл — әлеуметтік желілерде соңғы бірнеше күн ішінде қызу талқыланған мәселелердің бірі.

«Жолдарды қалыпта ұстау мәселесі өзекті. Соңғы боран барлық мәселелердің бетін ашты. Бұл жағдай техниканың жеткіліксіз екенін көрсетті. «Қарағанды-Теміртау» учаскесінде республикалық жолдар бойынша көптеген шағымдар бар. Павлодар бағытында да солай. Балқашқа барар жолды жабуға тура келді. Облыс орталығы бойынша көптеген пікірлер бар. Біз қызметтің жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Бірақ адамдар шағымдануда, қарды жолдың шетіне үйе салып, жаяу жүргіншілер жолдары тазартылмайды. Адамдарға жол бойымен жүруге тура келеді. Апаттық жағдайлар туындайды осыдан», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Синоптиктердің мәліметінше, тек желтоқсан айында ғана төрт айлық мөлшерде жауын-шашын болған. Қаңтарда қар көп болды. Болжам бойынша, наурызға дейін боран мен бұрқасын болады.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, қалада қар тазалау және шығару жұмыстарына 200-ден астам техника жұмылдырылған. Алты компания жұмыс істейді, олардың төртеуі мердігерлік, екеуі – коммуналдық.

«Бірінші міндет барлық бағыттарда жол жүруді қамтамасыз ету. Қар шығару үшін қосымша самосвалдар тартылады. Тағы бір мәселе жеке сектормен байланысты. Мүмкіндігінше барамыз. Алдағы уақытта су тасқынына жол бермеу үшін кесте бойынша қарды шығарамыз», - деп мәлімдеді қала әкімі.

Облыс әкімі мердігер компаниялармен техника саны бойынша мәселені пысықтауды тапсырды.

«Техника мен қызметкерлердің санын арттыру керек. Өткен қыста қар көп түсті. Жұмысты қайта құру керек. Бұл жолдарды қалыпта ұстаумен айналысатын республикалық ұйымдарға да қатысты», - деді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар