Қарағандыда карантиндік іс-шараларға қатысқан әскери міндеттілер марапатталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда карантиндік іс-шараларға қатысқан 95 әскери міндеттіге алғыс хаттар тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Олардың арасында ресми жұмыссыздар да, карантин кезінде демалыста жүргендер де болды. Әскерге шақырылушылар бір ай бойы қала аумағын санитарлық өңдеу үшін қосымша күш ретінде тартылған болатын.
Олардың бәрі Қарағанды облысының әкімі, қала басшысы, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының және жұмылдыру дайындығы басқармасының атынан алғыс хат алды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев барлық карантиндік іс-шараларға қатысушыларға жұмысы үшін алғысын білдіріп, денсаулық тіледі.
Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының хабарлауынша, барлық әскерге шақырылушылар тұрғылықты жері бойынша қызмет еткен, яғни басқа өңірлерге жіберілмеген. Кешке, еңбек күнінен кейін барлығын үйлеріне баратын болған.
- Олардың орташа жасы - 25-35 жас. Арасында уақытша жұмыссыз қалғандар, ШОБ саласының өкілдері болды. Сондай-ақ, медициналық білімі бар 17 адам шақыртылған. Арнайы әскерге шақырылушыларға әскери қызметшілер үшін көзделген барлық жеңілдіктер қарастырылды. Жұмыссыздарға мемлекеттен 42 500 теңгеден ақша төленді, ал жұмыс істеп жүргендер бұрынғыдай мөлшерде жалақыларын алды, - деді Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Жомарт Жылқыбаев.
Оның айтуынша, әскерге шақырылушылар Қарағанды мен Теміртау қалаларында 9 миллион шаршы метр аумақты залалсыздандыру құралдарымен өңдеген.
- Әскери міндеттілерді үш мезгіл тамақпен, киім-кешекпен, жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы костюмдермен қамтамасыз етіп, жұмыс күні аяқталған соң үйлеріне тасымалдаған. Барлық жұмыстар аяқталған соң ПТР-тест талдауы жүргізілді, - деп атап өтті Жомарт Жылқыбаев.


Қарағанды облысында карантиннің жеңілдетілуіне қарамастан, қоғамдық орындарды дезинфекциялау жалғасады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар кондоминиумдармен бірге балалар мен спорттық аулалық алаңдарда лифтілерді, кіреберістердегі есік тұтқаларын және жабдықтарды өңдеуге қамқорлық жасауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар