Қарағандыда қазақтың үш биіне арналған ескерткіш ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқмарат - Қарағандыда қазақтың әйгілі үш биі - Әйтеке би, Қазыбек би, Төле биге ескерткіш ашылды. Бұл облыстағы алғашқы мүсіндік композиция, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіш облыстық сот ғимаратының алдында орнатылған және даналық пен әділет нышаны ретінде көрініс тапқан.

«Ұлы даланың аты аңызға айналған үш биіне ескерткіштің ашылуы - маңызды оқиға. Әйтеке би, Қазыбек би, Төле бидің есімдері қазақ мемлекеті мен қазақ сот төрелігінің негізі қалануы тығыз байланысты. Өмірлік тәжірибесі мен мінсіз беделінің арқасында олардың шешімдері әділ болған және күмән тудырмаған. Бұл ескерткіш сот төрелігінің нышаны ретінде Қазақстан халқы алдындағы судьялардың жауапкершілігін еске салып отырады», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мүсін композициясының ашылуында.

«Үш ұлы би тарихымызға қоғам және саяси қайраткерлер ретінде енген. Олар тек бітімгер судья ғана емес, хандардың кеңесшісі де болды. Билердің кеңесін басқарды. Олар бай өмірлік тәжірибесі бар, қазақ халқының тарихын, дәстүрін білетін дана адамдар болды. Әйгілі билеріміздің негізгі міндеті қоғамдағы тұрақтылықты сақтау еді. Олар риторика, наным шеберлігіне ие болған. Біз осы күнге дейін олардың нақыл сөздеріне, өсиеттеріне сүйенеміз», - дейді ескерткіш орнатудың бастамашысы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Оның айтуынша, «Үш би» ескерткіші сот сарайының архитектуралық ансамблімен біріктіріліп жоспарланған. Облыстық соттың жаңа ғимараты өткен жылдың қараша айында ашылды. Мүсінді жылдың басында жасай бастады, орнатуға төрт айға жуық уақыт кетті.

«Біз қазіргі күні көпшілікке танымал үш бидің бейнесін қайталамауға тырыстық. Динамиканы көрсеткіміз келді. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлерге қарап, ұрпақтар көзқарастарын қалыптастыру үшін жасалып отырған дүние», - деп атап өтті Нұрсерік Шәріпов.

Ескерткіш Алматыда жасалған. Авторы - халық шебері Жеңіс Еркінұлы.

Мүсіндік композицияның ашылуына ардагер судьялар қатысты. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қонақтар облыстық соттың жаңа ғимаратын қарап шықты.

Аймақ басшысы сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сот жұмысы сандық технологияларды енгізу арқылы ашық болады. Карантин кезеңінде соңғы айларда соттар онлайн режимде жұмыс істейді, сот талап-арыздар мен басқа да құжаттар электронды түрде қабылданады.


Соңғы жаңалықтар