Қарағандыда мүгедектермен шипажайға ілесіп баратын адамдардың шығыны өтеледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бірінші топтағы мүгедек жандарға шипажайға жолдамамен емделуге бару үшін өз қаражаты есебінен ілесіп жүретін адамдарды табу қиын. Бұл мәселе Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің онлайн-қабылдауында көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зағип жандардың жақын туыстар болса, бұл мәселені шешуге болады. Бірақ мүгедектігі бар жалғызбасты адамдар көбінесе жолдамалардан бас тартуға мәжбүр. Себебі олармен бірге ешкім өз қаражаты есебінен барғысы келмейді.

«Бұл мәселені жақында маған онлайн-қабылдауға жазылған көру қабілеті нашар І топтағы мүгедек жан айтты. Зағип адам шипажайлық-курорттық емделуге қалай жалғыз барады? Егер оның өзі үшін жолақыны төлей алатын туысы болмаса? Мәселе түсінікті. Біз көмектесе аламыз және көмектесуіміз керек. Қарағандының І топтағы мүгедектерінен бастайық. Ақша табамыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Мүгедек жандарға ілесіп жүретін адамдардың көліктік шығынын жабуға жылына 170 миллион теңге бөлу қажет. Бұл тек Қарағанды қаласы бойынша. Облыс басшысы қаражат табу мүмкіндігін табуды тапсырды. Жол жүру шығынын өтеу биылдан бастап өтелетін болады.

Жалпы, Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелері тек азаматтарды қабылдауда ғана емес, қоғаммен тығыз ынтымақтастықтың арқасында да шешіледі. Мысалы, қазір қала мен ауданның әр әкімінде мүгедектігі бар адамдар туралы штаттан тыс кеңесші бар. Мұндай шешімді облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қабылдаған болатын. Кеңесшілер мүгедектігі бар адамдар мен мемлекеттік органдар арасындағы көпірге айналды.

Кеңесшілердің жұмысын белгілі қоғам қайраткері және белсенді қарағандылық Нияз Сүндеталиев басқарады. Іс-қимыл жоспары әзірленді, Telegram-да мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары кіретін чаттар құрылды.


Соңғы жаңалықтар