Қарағандыда Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ашық сабаққа 3 мың оқушы қатысты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жасампаздық пен дамудың 30 жылы» атты іс-шара өтті. Ашық сабаққа тікелей эфирде облыстың 95 жетекші мектебінің 3 мыңға жуық оқушысы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара бір мезгілде Қазақстанның барлық НЗМ-де өтті. Онда елдің тәуелсіздігі, республиканың қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі, сондай-ақ мемлекеттің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы айтылды.

Сондай-ақ, оқушылар Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы - Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің бейне сұхбаттарын тыңдады. Солардың бірі – Қарағанды НЗМ химия пәнінің мұғалімі Инабат Хамитова. Қазір ол Америкада «Болашақ» бағдарламасымен оқиды.

«30 жыл ішінде біз түрлі саладағы үлкен өзгерістің куәсі болдық. Олардың ішінде білім мен ғылымды, Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасы сияқты жобаларды бөліп көрсетуге болады. Қазір мен «Болашақ» бағдарламасымен Пенсильвания университетінде химия магистрі дәрежесін аламын. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болды», - дейді Инабат Хамитова.

Зияткерлік мектеп оқушылары білім мен ғылымның ел дамуында үлкен рөл атқаратынына сенімді.

«Болашақта мен ядролық физика саласында маман болып, өз білімімді мемлекетіміздің игілігіне пайдаланғым келеді», – дейді Қарағанды НЗМ 12-сынып оқушысы Нұрасыл Жұмабаев.

Ашық сабаққа Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов пен Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова қатысты. Іс-шара соңында қонақтар оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.


Соңғы жаңалықтар