Қарағандыда терек мамығы бірнеше өрттің шығуына себеп болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Жарты күн ішінде қарағандылық өрт сөндірушілер терек мамығының тұтану салдарынан пайда болған өрттерді сөндіруге бес мәрте шыққан. Осындай бір оқиға салдарынан тұрғын үйдің ауласында тұрған автокөлікке зақым келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрғақ және ыстық ауа райының салдарынан жабық аумақтағы қоқыстар мен шөптердің жануы жиілеп кетті. Бұл қала көшелеріндегі терек мамығының тұтануымен байланысты.

Қарағандыда өрт сөндіру бөлімшелері кешегі күннің бірінші жартысында ғана 5 рет қоқыс пен мамықтың жануына пайда болған өрттерді сөндіруге шыққан.

Бір жағдайда қоқыс пен мамық жанған кезде жоғары температураның әсерінен Ермеков көшесіндегі үйдің ауласында орналасқан автокөліктің бампері бүлінген. Орын алған өрттердің алаңы 1 шаршы метрден 20 метрге дейін болған.

«Терек мамығы оңай тұтанады, ол оқ-дәрі тәріздес тез жанып, жан-жаққа лезде тарқап кетеді. Өрт терек түбінен таралып, жанатын материалдарға өтеді, тұрғын үйлерге, автокөліктерге, құрылыстарға қауіп төнеді. Жазғы өрт қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Терек мамығынан ешқайда қашып құтылу мүмкін емес. Онымен күресудің ең тиімді тәсілі - сумен суарып, оны үйіп тастау. Және ешбір жағдайда өртеуге болмайды!» - деп түсіндірді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің өкілдері.

Жануды болдырмау үшін мамық жиналу орындарын күн сайын жинау және суару ұсынылады. Балалардың жанғыш заттармен ойнауына жол бермеу керек. Ал ересектерге сіріңке мен өшірілмеген темекіні тастамаған абзал.


Соңғы жаңалықтар