Қарағандыда тұрғын үйдің подъезін неге жауып тастады - Жеңіс Қасымбек жауап берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Коменданттық сағат енгізілуі мүмкін бе? Коронавирус Қарағанды облысының аумағына қайдан келді? Осы және өзге де сұрақтарға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек жергілікті телеарнаның студиясында тікелей эфирде жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 13 адамға жетті. 30 наурызда зертханалық тәсілмен тағы 6 оқиға расталды. Олардың барлығы - 18 наурызда Минск – Нұр-Сұлтан рейсімен Қарағандыға ұшып келген студенттер. Арнайы рейстің барлық жолаушысы дереу карантинге жатқызылды. Пациенттердің жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалады.

Облыста барлығы 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында, тағы 514 адам үйінде оқшауланған.

- Қарағанды облысының бас санитар дәрігерінің қаулысымен бүгіннен бастап Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында жекелеген шектеу шаралары бар карантин режимі енгізілді. Ал 2 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап адамдардың жоғарыда атап кеткен қалалардың карантин аймағына кіріп-шығуына тыйым салынады. Авто және теміржол вокзалдарының, әуежайдың және қоғамдық көліктің жұмысын шектеу, карантиндік аймақты толық қоршау кезінде тұрғындар алдын ала хабардар етіледі, - деп хабарлады облыс әкімі.

- Карантин нәтижесінде коменданттық сағат енгізілуі мүмкін бе?

- Мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ.

- Адамдар несие мерзімін кейінге қалдыру және карантин кезінде банкоматтарды толтыру жөнінде көп сұрақ қояды.

- Дұрыс сұрақ. Облыста жұмыс істейтін екінші деңгейдегі банктердің барлық филиалдары осы мәселемен айналысуда. Бұл жұмыстарды Ұлттық банк бақылауда. Біз, жергілікті билік те өз тарапымыздан оны қадағалаймыз. Карантин кезеңінде өсімақы, айыппұл және бұрын берілген несиелер бойынша негізгі қарыз бойынша барлық төлемдерді кейінге қалдыру жоспарлануда. Банкоматтардың толықтырылуына қатысты Ұлттық банк қолма-қол ақшаның тапшылығы болмайтынына кепілдік береді.

- Қарағанды серіктес қалалармен тығыз байланыста. Мүмкін, бір үлкен карантиндік аймақ құру керек шығар?

- Біз де дәл осыны айтып отырмыз. Неліктен бес қаланы карантин аймағына кіргіздік?! Тағы да қайталаймын. 2 сәуірден бастап бес қала - Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай шаһарлары жабылады. Осы қалалардың арасында үлкен еңбек көші-қонын ескере отырып, жол жүруге рұқсат етіледі.

- Коронавирус қайдан келді?

– Жұқтырғандар ішінде 10 адам – «Минск-Нұр-Сұлтан» авиарейсімен келген жолаушылар. Үш адам – жергілікті тұрғындар.

Басқа арнайы рейстерді Қарағандыға қабылдау жоспарланып отырған жоқ.

- Карантин кезінде қанша кәсіпорын жұмыс істемейді?

- Біздің облыста 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорны бар. Әрине, олардың көпшілігі шектеу шараларын қабылдайды.

- Билік «АрселорМиттал Теміртау» және басқа да өндірістік кәсіпорындардың қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібермеуге кепілдік бере ала ма?

- Бұл мәселе бойынша бүгін біз ірі кәсіпорындардың басшыларымен кездестік. Карантин кезеңінде жұмыс орындары мен жалақы сақталады деп келісті. «АрселорМиттал Теміртаумен» меморандумға әзірше қол қойылған жоқ. Келісім талқылануда. Дегенмен компания Үкіметке бұл туралы растама жіберген.

- «АрселорМиттал Теміртаудың» мердігер ұйымдары бойынша айтып берсеңіз.

- Жалпы, әлемдік экономикалық жағдай осындай. Біздің негізгі экспорттық өнімдерімізге, оның ішінде АМТ өндіретін металдарға баға төмендеді. Сұраныс пен құнның төмендеуі өндіріс көлеміне әсер етеді. Қазір компания негізгі капиталға салуды жоспарлаған ақшаны өндірісті қолдауға, жалақы және басқа да төлемдерді өтеуге бағыттайды.

- Тұрақтандыру қоры мен баға бойынша жағдайды түсіндірсеңіз.

- Кейбір шағын сату нүктелері бағаны негізсіз көтере бастады. Мұны қатаң қадағалаймыз. Қант пен қарақұмықтың бағасы өндірушілер тарапынан өсірілді. Бағаны ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорынан интервенциялар жүргіземіз. Мұндай жұмысты барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша жүргіземіз. Ондай тауарлардын саны – 19.

- Карантинге алынған көпқабатты үйдің кіреберісін құлыптау қаншалықты заңға сай?

- Сол кезде бірнеше адам үйден шығып, карантин режимін бұзғысы келген. Аудан әкімдігі мен ПИК басшылығы олай істемеуі керек еді. Оларға құлыпты алып тастауға тиісті тапсырма берілді. Болашақта бұл қайталанбайды.

Онда полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Тұрғындар тәулігіне екі рет медициналық бақылаудан өтеді. Барлық талаптар мен ережелер орындалады.

Соңында әкім халыққа үндеу тастады:

- Тыныштық және белгіленген карантин режимін сақтауды сұраймын. Бұл ережелерді қаншалықты қатаң ұстансақ, үйреншікті және қалыпты өмірімізге қайта оралуымыз соған байланысты. Жауапты мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстайды, қажетті шаралар жедел түрде қабылдануда.



Соңғы жаңалықтар