Қарағандыда жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге дүниеге келгеннен кейін үш күннен соң күрделі ота жасады. Балада ішек патологиясы анықталып, оған шұғыл түрде ота жасау қажет болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл Әлия Оңдасынованың үшінші баласы. Жүктілік кезінде, 24-ші аптада дәрігерлер оған ұрықта патология барын мәлімдеген. Облыстық перинаталдық орталықта іштегі баланың дерті анықталғаннан кейін бірден дәрігерлер консилиумы өткізілді. Бейіндік маманның қорытындысы негізінде Әлияны Нұр-Сұлтан қаласында босандыру ұсынылды. Келіншек 6-шы қыркүйекте квота алуы тиіс болатын, алайда бұл күні суы кетіп, перзентханаға баруға тура келген. Жүктіліктің 37-ші аптасында салмағы 3188 гр және бойы 51 см ұл баланы дүниеге алып келді. Нәрестенің жағдайы қанағаттанарлық болды. Дегенмен, мамандар балада ішек өтпеушілігінің клиникалық белгілерін анықтаған. Дәрігерлердің тексерісінен кейін және диагноз анықталған соң 9 қыркүйекте сағат 10:30-да Қарағанды қаласының Облыстық балалар клиникалық ауруханасында мамандар бригадасы нәрестеге ота жасады.

«Үш күн аралығында біз баланы тексердік және операцияға дайындадық. Балаға жіңішке ішектің атрезиясы дамуының туа біткен ақауы деген диагнозы қойылды. Мұндай патология өте сирек кездеседі, 6-7 мың нәрестенің ішінде бір ғана жағдай болуы мүмкін. Операция сәтті өтті. Ол бір сағаттан астам уақытқа созылды. Операциядан кейін біз баланың оңалып кетуі 80 пайыздық көрсеткішке сай деген болжам жасадық», - дейді Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Жанат Елубаев.

Отадан кейінгі кезеңде бала облыстық перинаталдық орталықтың жаңа туған нәрестелерінің интенсивті терапия және жан сақтау бөлімінде болды. Нәресте орталықтың неонатолог дәрігерлері күтіп, емдеді. 12 тәуліктен кейін шақалақ энтеральды қабылдау арқылы ана сүтімен тамақтануды бастады. Ал 20 тәуліктен бастап өз бетінше дем алды. 26 күні ол ОПО жаңа туған нәрестелердің патология бөліміне, ана мен бала бірге болатын палатасына ауыстырылды.

«Мен жүкті болған кезде, соңғы үш айлықта ішімдегі сәбиде патологиясы бар екенін естігенімде қатты уайымдадым. Қорқыныш сезімі де болды. Өте ауыр болды. Ол әлі сондай кішкентай, сонда да оған тезірек ота жасау керек дегенде жүрегім ауырды. Үш күннен кейін оған операция жасалды. Барлығы сәтті өтті. Бұл дәрігерлердің арқасында. Мен оларға үлкен алғысымды айтамын», - дейді сәбидің анасы Әлия Оңдасынова.

Балаға ата-анасы Жаңаберген деген есім берді. Ол 1 айға толғанда, анасы екеуін дәрігерлер үйіне шығарды. Әлияның айтуынша, қазір ұлы өзін жақсы сезінеді, жағдайы қалыпты.

Айта кету керек, екі жыл ішінде қарағандылық дәрігерлер осы секілді 4 ота жасаған. Қазір сол балалардың барлығы өздерін жақсы сезінеді.

Соңғы жаңалықтар