Қарағандыда жазғы лагерлер биыл 190 мыңнан астам оқушыны қабылдайды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында қолайлы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайда каникул уақытында қала сыртындағы 11 және 102 шатырлы және киіз үй балалар лагері жұмыс істейді. Рұқсат етілген жағдайда лагерлер 190 мыңнан астам оқушыны қабылдауға әзір. Оның көпшілігі әлеуметтік аз қамтылғандар санатынан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова жазғы уақытта оқушылардың пайдалы және қауіпсіз бос уақытын ұйымдастыру туралы айтып берді.

Ол шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім басқармасы «Қауіпсіз жаз» акциясын, «Жас құтқарушы» облыстық және өңірлік жарысын өткізетінін атап өтті.

«Балалар мен педагогтар суға батқан кезде алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді, жадынамалар мен буклеттер таратуға бастамашылық жасайды. Мектеп басшылығы оқушыларды жүзуге үйрету бойынша бассейндермен меморандумдарға қол қояды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар қаңқалы бассейндерді сатып алу бойынша жұмыс жүргізуде», – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова.

Сондай-ақ, жазғы кезеңде «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» акциялары жоспарланған.

Ата-аналарға ашық отты, электр құралдарын, газ жабдықтарын пайдалану ережесі, сондай-ақ суда жүзу және жолда жүру ережесі туралы балалармен әңгімелесу ұсынылады.

Балаларға шұғыл қызметтердің 112, 101, 102, 103 нөмірлерін үйрету керек, деп атап өтті спикер.

Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөлімшелері де жоғары дайындық режиміне көшірілді. Олар су айдынында рейд жүргізеді, демалушыларға жадынама таратады.

Сонымен қатар, құтқарушылар жабдықталмаған су айдындарына 174 тыйым салу белгісін орнатты.

«Біздің бастамамыз бойынша 2GIS жүйесінде шомылуға болатын су айдындары мен демалыс аймақтары арнайы белгімен белгіленді», – деп хабарлады брифинг барысында Қарағанды облысы ТЖД басшысының м. а. Ақылбек Ахметжанов.

Сондай-ақ ТЖД қызметкерлері жүзден астам қоғамдық құтқарушыларды оқытып, жұмыстарын ұйымдастырды.

Олар облыстың су айдындарында алдын алу жұмысына тартылады.

«Федоров, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Кеңгір су қоймаларының жағалауларында, сондай-ақ Балқаш және Айнакөл көлдерінде тәулік бойы жеті құтқару бөлімшесі қызмет атқарады. Олар қажетті автокөлік техникасымен және жүзу құралдарымен жабдықталған», – деді Ақылбек Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар