Қарағандыдағы дауыл: Ауруханаларда жарық өшіп, шатырлар көкке ұшты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды қаласында дауылды жел ондаған ғимараттың шатырын жұлып әкетті, 50-ге жуық ағашты құлатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 шілде сағат 16:30-да Қарағанды облысында қатты екпінді желдің (21 м/с дейін) салдарынан ғимараттар мен құрылыстардың шатырлары ұшып, ағаштар құлады, электр тарату желілерінің үзілу деректері тіркелді.

«Осы уақытқа дейін жалпы білім беретін 4 мектеп ғимаратының (Қарағанды қаласы және Солонички станциясы), көпқабатты 5 тұрғын үйдің, Х.Мақажанов атындағы «Облыстық медициналық орталық» ҚМКК-нің, «ЛУЧ Нейрооңалту орталығы» ҚМКК-нің, Б. С. Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының, Қарағанды облыстық Полиция департаменті госпиталінің, Осакаров ауданы Звёздное ауылының Мәдениет үйінің, 4 нысанның («Мирас» бизнес - орталығы, «Тапчан» шайханасы, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, Саран қаласындағы ғимарат) шатырлары зақымдалғаны туралы хабарлама түсті. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.


Сондай-ақ, тұрғын үйлердің аулаларында құлаған және құлау қаупі бар 45 ағаш анықталды.

«Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ дауыл кезінде электр сымдары үзілді. Салдарынан қаланың бірнеше ауданы жарықсыз қалды.

Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде оқиға салдарын жоюға кірісті. Электр қуаты Оңтүстік-Шығыста, ішінара Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптауда қосылды.

Жоғары вольтты желілердің үзілуінен қаланың орталығында, Пришахтинск қаласы, Михайловка, Федоровка және жекеменшік секторларда электр желісін таңға жақын қосуды жоспарлап отыр. Бригадалар жұмысқа кірісті.

Жарықсыз қалған ауруханалар апаттық қуат көздеріне көшті», - деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар