Қарағандылық волонтерлер мейрамда 1800-ге жуық азық-түлік жиынтығын таратты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысында Наурыз мейрамын тойлау «Қайырымды ұлт» акциясымен ерекшеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

19-23 наурыз аралығында әлеуметтік осал топтарға жататын өңір тұрғындарына 1755 азық-түлік жиынтығы таратылып, жалғызбасты қариялардың үй аулалары қардан тазартылды.

Жаңаарқа ауданында 500-ге жуық отбасы азық-түлік пакетін алды. Жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары 3 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетті.

Приозерск қаласында салмағы 12 келі болатын 300-ден астам азық-түлік себеті таратылды. Сондай-ақ Наурызды тойлау кезінде орталық алаңда қала тұрғындары үшін тегін дастархан жайылды. Мейрамға орай 1 мың келі палау, 600 литр наурыз көже, 180 келі бауырсақ дайындалды.

Әлеуметтік қамқорлықтағы Балқаш тұрғындарына 297 азық-түлік жиынтығы мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. Демеушілер «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Сары-Қазына» және «Балқаштүстімет» кәсіпорындары болды. Сондай-ақ қалада жалғызбасты қарт адамдарға, мүгедек балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған қайырымдылық түскі ас өткізілді. Акцияны 15 дәмхана, мейрамхана және аспаздық дүкендер қолдады.

Осакаров ауданында 136 азық-түлік себеті таратылды. Стандартты азық-түліктерден басқа, олар тұрғындарды өз егістіктерінен жинаған көкөністермен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ акцияға Nura Arnasy тобының еріктілері қосылды. Олар 30-дан астам азық-түлік жиынтығын жинады. Сонымен қатар ауылшаруашылық тауарын өндірушілер «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы әйелдерге 18 қап картоп таратты.

Қарағандыда Жастар ресурстық орталығының еріктілері 35 азық-түлік себетін алып, мереке күндері теміртаулықтармен бірге екі қаланың тұрғынына бауырсақ таратты.

«Біздің еріктілер жыл сайын түрлі акцияларға қатысып, тұрғындарға көмектеседі. Олар мұқтаждарға азық-түлік жиынтықтарын жеткізуге жұмылдырылды. Сондай-ақ, жалғыз басты қарт тұрғындарға шаруашылық бойынша көмек көрсетіледі, қар тазаланады, отын дайындалады және басқа да мәселелерде қолдау көрсетіледі», - деп атап өтті Қарағанды Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.


Соңғы жаңалықтар